Елордада құрылыс компаниясының қызметкері 13 млн теңге тұратын кабельді ұрлаған

Бүгін, 14:30 / Алуа Арман
polisia.kz

Астана қаласы Нұра ауданы полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құрылыс нысанынан ірі көлемде құрылыс материалдарын ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында, күдікті құрылыс компаниясында менеджер болып жұмыс істеген. Ол қызметтік міндетін атқара отырып, нысан аумағына кедергісіз кіру мүмкіндігін пайдаланған.

Белгілі болғандай, күдікті бірнеше мәрте ұзындығы шамамен 50 метр болатын электр кабельдерін жасырын түрде алып шығып отырған. Кейін ұрланған құрылыс материалдарын сатып, заңсыз пайда тапқан. Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 13 миллион теңгені құрады.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас тағы 5 эпизодқа қатысы бары анықталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.

Полиция құрылыс компаниялары мен кәсіпкерлерге қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынады: құрылыс нысандарында бейнебақылау жүйелерін орнату, материалдардың кірісі мен шығысына тұрақты бақылау жүргізу, қойма аумақтарын күзетпен қамтамасыз ету және қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту маңызды екенін ескертеді.

Тэгтер:

ұрлық құрылыс кабель