Смағұл Елубай: Батыс бостандықты абсурдқа айналдырды

Смағұл Елубай: Батыс бостандықты абсурдқа айналдырды

Смағұл Елубай:  Батыс бостандықты  абсурдқа айналдырды
ашық дереккөзі
Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездескені мәлім. Белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков, Смағұл Елубайды Ақордаға арнайы шақыртып, елдің рухани өміріндегі келелі мәселелерді талқылады. Қазақ әдебиетінің ақсақалдарымен латын әліпбиіне көшу, үш тілде білім беру жүйесін енгізу, елдің демографиялық ахуалын оңалтудың жай-жапсарын ақылдасты. Кездесуден соң белгілі жазушы Смағұл Елубаймен тілдескен едік. Қаламгер  Елбасымен басқосуда тілге тиек болған мәселелерді кеңірек баяндап берді.  – Президентпен кездесуде нендей тақырыптар көтерілді? Осыны өз аузыңыздан естісек деп едік... – Бұл әңгіменің негізін көрдіңіздер, көп бөлігі телеэфирге сыймай қалды. Әңгіме жақсы басталды. Президент біздің әңгімемізді өте жақсы тыңдады. Эфирге не сыймай қалды? Сол жайлы айтайын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы» деген бапта фашизм, либерализм, коммунизмді қатар қойыпсыз, бәрі де күйреді депсіз», – дедім Елбасыға. Жарайды, фашизм түсінікті, коммунизм де түсінікті, ал либерализм дау тудырып жатыр. Күйреді ме, әлде күйретіп жатыр ма? Ол жағы әлі белгісіз. Бір жағынан қарағанда либерализм прогрестің бір туына айналған идея болды. Еркіндік, бостандық, либерализм деген ұғым сонау француз революциясынан бастап батыстың идеологиялық туына айналды. Өкінішке қарай, осы ұғым ХХ ғасырда басқа бір апаттарды тудырды. Кейбір саяси топтар еркіндік, бостандық деген ұғымды жүгенсіздік деп түсінсе керек, шамасы. Соның нәтижесінде фашизм мен коммунизм пайда болды. Әрқайсысы ондаған, жүздеген, миллиондаған адамды қырып тынды. Ал батыстың идеализмі бізде әлі көп сыналмаған идея. Президенттің мақаласында «идеализм» күйреді деген сөзді көрдім, оны өзіне айттым. Мысалы, ХХ ғасырдың басында неміс ойшылы Освальд Шпенглер «Батыстың ажалы» деген кітап жазып, бүкіл әлемді дүрліктірді. Сонда батыстың ажалы тақап қалғаны ма? Одан кейін осы ойды батыс ойшылдары дамыта берді. Бірі америкалық Патрик Бьюкенен. Батыстың күні батуға таяу, батыс тұйыққа тірелді дей келе, еңбектерінде соны дәлелдейді. Бьюкенен ғасырдың аяғына дейін батыс халқының қаншасы қалатынына дейін  есептеп берді. Еуропалықтар өздерінің пиғылына, жүргізген демографиялық саясатына, гендерлік саясатына сүріне бастады. Бала туылмай қалды, әйел мен еркек қосылмай қалды, Еуропаның 22 мемлекеті біржынысты некеге рұқсат берді. Өз пиғылдарына өзі сүрініп, өз көрлерін қазып, жаназасын шығарып келеді. Шынында, мұны либерализмнің күйреуі деп айтуға болады. Өкінішке қарай, 90-жылдары империя құлаған кезде біз батыстың озығын алудың орнына, тозығына жармаса кеттік. Әсіресе, жастарымыз. Экран арқылы бізге батыстың былығы құйылды. Жертөлелерде балалар порнография көріп отыратын. Соның нәтижесі не болды? Бізге суицид, жаппай ажырасу, гомосексуализм, алкоголизм, нашақорлық, жезөкшелік келді. Қазір осылар жастарымызды аздырып жатыр. Осынау қылмыстар кешегі полиция жоқ, түрме жоқ, прокуратура жоқ, телевидение, театр жоқ ұлы далада болып па еді? Жоқ, болған жоқ. Қалай болмады? Қазақтың үйіне еш қазақ қол салмайтын, көшпелі ауылда есік ешқашан құлыпталмайтын. Ол ненің арқасы? Қазақтың жүрегіндегі иманның арқасы. Тек қана иманның арқасында осынау ұлы дала халқында жария еткен қылмыстардың біреуі де болған жоқ, ұждани-моральдық тұрғыда батыстан он есе жоғары, он есе таза ұлт болды. Олай болса біз неге батыс салған жолмен жүруіміз керек? Неге біз оларға еліктеуіміз керек? Бұл өзімізді тұйыққа тіреу емес пе? Батыс азғындығына ұрыну емес пе? Олардың прогресі дұрыс, технологиясы дұрыс, үйді жақсы салады, киімді жақсы тігеді. Осыны алайық. Ал бірақ осылардың моральдық-ұждандық болмысының бізге бір тиынға қажеті жоқ, ағайын. Яғни, Қазақстан батысқа да еліктемей, шығысқа да еліктемей өзінің ата-бабалары салған жолмен жүруі керек. Ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бойы ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды. Батысты әбден былыққа батырған сегіз қылмыстың біреуі де ұлы далада болмаған. Ол өзіміздің дәстүрлі салт-санамыз, дәстүрлі дініміз, ары қарай Ясауи салған діни жол. Осы жолмен қазақ халқы тәрбиеленді. Сол жолдың арқасында біз ерекше бір халық болып қалыптастық. Сондықтан да сонау 40-жылдары өзіміз нанға жарымай отырып, бала-шағамызды баға алмай отырып, екінші бөлмесіне орысты бала-шағасымен, кәрісті бала-шағасымен, аштықтан жапа шеккен немісті бала-шағасымен орналастырды ғой. Бүгінгі миллионерлер бір оралманға қолын созды ма? Оралман тұрмақ ағайынын үйге кіргізбейтін жағдайға жетті. Бұл да батыстың бізге жұқтырған «индивидуализм» деген кеселі. Ол эгоизмнен туады. Адамға берілген азаттықты батыс абсурдқа айналдырды. Ядролық қарумен бір-бірін соғып, қыру ғана қалды, басқасының бәрін бастан кешті бұлар. Ұятты жинап қойды, дәстүрлі отбасын құртты. Ол бізге де келіп үлгерді. Кеше ғана 8 наурызда не болды? «Ни бога, ни мужа, ни господина» деген гендерлік саясаттың туын көтеріп, біраз әйел Жібек жолына шықты. Ол батыстың баяғыда көтерген туы. Дәстүрлі отбасын күйрету үшін гендерлік саясат, әйел теңдігі деген әдемі ұранды көтерді. Әйел теңдігі – әдемі ұран, әрине. Ал соның ар жағында біз сияқты ұйып отырған ұлттың берекесін кетіріп, дәстүрлі отбасын жою жатыр. Батыста жойып болды, енді бізде жою керек. Мінекей, бізге келіп жатқан мәселелердің жаман-жақсысын ажыратпай аузымызды ашып, қылғыта береміз. Бұл бізді апатқа алып барады дегендей ой айтылды. Ең ғажабы, Президент осының бәрін жақсы қабылдап, жақсы тыңдады. Екі жарым сағаттық әңгіме біткеннен кейін шаршатып алдық деп ойласақ, ол кісі «Бір марқайып қалдым» деп бізді жібермей, тағы он бес минуттай әңгімелесіп тұрдық. Біздің бір ұққанымыз кейбір қазақтар «Бұл өзі қазақтың президенті ме, әлде өзге ұлттың президенті ме?» деп күмән келтіреді ғой.  Жоқ, ағайындар ол – нағыз қазақтың президенті. Президент өз ұлтының болашағын ойлап, сол жолда шаш ағартатын Президент деп білемін. 25-жылы бастасақ да кемемізді шайқайтындар шығып жатыр. «Правда» газетінің өзі латын әліпбиін сынап үлгерді. Бәрі сынайды, сынап та жатыр. Қазақ болам десең, басқа біреуге жақпайсың. Ресейге қандай қатысы бар екені белгісіз. Кеңес заманында әрбір республиканы төбеден төмпештеп үйреніп алған Кремль ғой. Бұл саясат енді өтпейді. Ол үшін бәріміз бірге болуымыз керек. – Дін мен қоғамның сабақтастығы, ислам діні туралы да әңгіме айтылды ма? Осыны ашып айтып беріңізші. – Бұл өте үлкен әңгіме. Әңгіме аяқталып, орнымыздан тұрғаннан кейін Президенттің қолына «Ясауи» деген сценарийді бердім. Бұған дейін Дін министрлігі, Мәдениет министрлігі жалтақтап, соза берді. Өйткені бұл үлкен жауапкершілік. «Нұреке, төрелігін өзіңіз айтыңыз» деп сценарийді ұстаттым. «Оқимын» деді. Жалпы, суфизм философиясына келсек, бұл ауқымды нәрсе. Ислам діні – үлкен бәйтерек болса, бәйтеректің басындағы ең соңғы миуасы, жемісі – суфизм. Олай болатын себебі, исламның бес шартын барлығымыз ұстанамыз. Бірақ бұл жерде бір консерватизм бар. Сол бес шартты ұстанып, намазыңды оқып, оразаңды ұстап, шаруаңды істеп кете беруге болады. Бір жағынан бұл күнделікті жұмысқа тиімді. Ал суфизм ешқашан тоқтамайды. Бес шарттан кейін де құдайға жақындауды мақсат қылып, зікірін айта береді. Осыған қарап, олар ештеңе істемейді, зікір айтумен уақыты өтеді деуге де болмайды. Ясауи сценариін зерттеп жүрген кезде біраз тарихқа сүңгідім. Біздің ғана емес, шетел дереккөздерін де қарадым. Сол жерде мынадай дерек шыға келді. Олар қолөнермен айналысқан, Ясауидің өзі аузы зікірде отырса да, қолымен еңбек етіп отырған. Ағаштан қасық, ожау жасап, соны бояумен болған. Бұл бұйымдарды сатқан. Шәкірттері де қолөнер түрлерімен айналысқан. Мынадай мәселе бар. Сопылардың медресесінде ғылым болды ма? Ол сұраққа да жауап таптым. Сөйтсем, өз заманына тән ауылшаруашылығы, қолөнер, бәрін қосқанда 77 саладан білім берген екен. – Жазушылар тарапынан латын әліпбиіне қатысты қандай сауал қойылды? – Латын әліпбиі туралы пікір көп. Латын әліпбиі қазақ тілінің заңдылықтарына толық жауап беруі тиіс. Содан кейін латын әліпбиі тек қана қазақ мектептері мен қазақ сыныбында қалып қоймай, барлық ұлт мектептерін қамтуы керек. Жалпы, барлық мектептер қазақ тілінде оқытуы керек. Бізге орыс тілі де, ағылшын тілі де керек. Сондықтан кейбір пәндер ағылшын, орыс тілдерінде жүруі керек. Біз осыны айттық. Біздің пікірімізге Президент қарсы болған жоқ. Құптап отырды. Біз мынадай сауал қойдық. Латын әліпбиі енгеннен кейін орысша оқитын балалар кириллицамен оқи ма? Оларға қазақ әліпбиі жарамайды делік. Сонда екі бөлініп, бірі кириллицамен, бірі латын қарпімен оқи ма? Елбасы «барлығы латын әліпбиімен оқиды» деді. Бұл нені білдіреді? Жалпы, мемлекеттік балабақша, мемлекеттік мектептердің барлығы қазақ әліпбиіне көшіп, білім алады деген сөз. Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың құқын шектеу емес. Қалада тұратын қазақ балалары екі тілде сөйлейді. Кейбір балалар үш тілде сөйлейді. Орыс тілінде оқыған балалар ертең еңбек нарығында қағажу көретін болады, шеттетілетін болады. Солардың құқығын қорғау үшін алдымен мемлекеттік тілде оқуы керек. Қазақ­станда тұратын ұлт мектептері болмауы керек, бәрі мемлекеттік тілде оқып, орыс тілін, ағылшын тілін білуі керек. Сонда еңбек майданында теңдік орнайды, ешкімнің құқы тапталып, қағажу көрмейді. – Әңгімеңізге рахмет!  

Жазып алған

Ақниет ОСПАНБАЙ