Жетісу облысының полиция департаменті тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жетісу облысында шомылуға рұқсат етілген 4 орын белгіленген. Олар – Талдықорған қаласының қалалық жағажайы, Алакөл ауданындағы Ақши және Көктұма жағажайлары, сондай-ақ Сарқан ауданындағы Балқаш көлінің жағалауы.
Полиция азаматтарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге, сондай-ақ қауіпсіздік белгілері мен құтқарушылардың талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
– Құрметті ата-аналар! Балалардың өмірі мен денсаулығы – ең алдымен сіздердің жауапкершіліктеріңіз. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін, – деді полиция қызметкерлері.
Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.