Конституцияның тиімділігі құқық үстемдігімен өлшенеді – сарапшы

Бүгін, 10:12 / Алуа Арман

1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Жансая Нұралының айтуынша, Жаңа Конституцияның тиімділігі ең алдымен ондағы нормалардың қалай орындалатындығымен бағаланбақ. Конституция тиімді болу үшін институттар бірін-бірі шектеп, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуі қажет, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа Конституцияның тиімділігі ең алдымен мәтіндегі нормалардың өмірде қалай орындалатынымен бағаланады. Бірінші көрсеткіш, адам құқықтарының нақты қорғалуы. Азамат сотқа, мемлекеттік органға немесе Конституциялық сотқа жүгінгенде, оның құқығы қағаз жүзінде ғана емес, нақты шешім арқылы қорғалуы керек. Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформаның салмағы дәл осы жерден көрінеді: Германия, Канада, Оңтүстік Корея сияқты елдерде Конституцияның беделі сот тәуелсіздігімен, құқықтық тұрақтылықпен және азаматтың мемлекетпен тең сөйлесе алуымен өлшенеді.

Екінші көрсеткіш, билік тармақтарының тепе-теңдігі. Жаңа саяси модель Парламенттің ықпалын күшейтіп, Үкіметтің есептілігін арттырып, сот жүйесін саяси қысымнан қорғай алса, реформа нәтижелі деп бағаланады. OECD зерттеулерінде құқық үстемдігі, адам құқықтары және демократиялық басқару бір-бірімен тығыз байланысты екені көрсетіледі. Яғни Конституция тиімді болуы үшін институттар бірін-бірі шектеп, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуі қажет.

Үшінші көрсеткіш, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі. Сотқа, құқық қорғау органдарына, әкімдіктерге, Парламентке сенім артпаса, ең озық конституциялық мәтіннің өзі қоғамда терең тамыр жая алмайды. World Justice Project индексінде Қазақстан 2025 жылы 143 елдің ішінде 66-орында, жалпы көрсеткіші 0,54 деп берілген. Бұл алдағы жылдары құқық үстемдігі, сот әділдігі, ашық үкімет, жемқорлықты тежеу сияқты бағыттар бойынша нақты өсім қажет екенін көрсетеді.

Төртінші көрсеткіш, заңдардың Конституцияға сәйкестігі. Конституция қабылданғаннан кейін кодекстер, салалық заңдар, мемлекеттік органдардың ішкі тәртібі соған сай өзгеруі керек. Егер азаматтың құқығы туралы бап бар, бірақ оны іске асыратын заң әлсіз болса, реформа толық жұмыс істемейді. Венеция комиссиясы мен OECD елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, конституциялық өзгерістің табысы қабылданған баптармен емес, кейінгі институционалдық орындалуымен өлшенеді», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция бес жылда саяси құжат деңгейінен азаматтардың нақты кепілдігіне айналуға тиіс.

«Алдағы бес жылда жаңа Конституцияның ең маңызды нәтижесі құқықтық мәдениеттің өзгеруі болуы тиіс. Азамат өз құқығын талап етуден қорықпайтын, мемлекеттік орган шешімін түсіндіруге міндетті болатын, сот билігі нақты қорғаныс құралына айналатын кезең басталса, бұл реформаның басты жетістігі болады.

Меніңше, бес жылдан кейін негізгі сұрақ «азамат Конституцияны күнделікті өмірінде сезінді ме?» деген өлшемге тіреледі. Егер адам әділ сотқа қол жеткізсе, шағымы қараусыз қалмаса, сайлауда дауысының маңызын сезінсе, меншік құқығы қорғалса, жеке дерегі сақталса, онда жаңа Конституция саяси құжат деңгейінен азаматтың нақты кепілдігіне айналады деп ойлаймын», - дейді ол.

Тэгтер:

жаңа Конституция Жансая Нұралы