Қарағандыда сотталған әйелдерге арналған тігін кәсіпорны іске қосылды

Бүгін, 09:42 / Алуа Арман
polisia.kz

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №32 мекемесінде "Kebis KZ" тігін кәсіпорнының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

1 шілдеде Қазақстан Республикасы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 мекемесінде сотталған әйелдерді еңбекпен қамтуға және оларды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған "Kebis KZ" ЖШС тігін кәсіпорнының ресми ашылу рәсімі өтті.

Жоба аясында 75 сотталған әйел тұрақты жұмыспен қамтылады. Олар ресми түрде еңбек етіп, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, тұрақты табыс табуға, талап-арыздар бойынша берешектерін өтеуге, отбасыларына қолдау көрсетуге және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға табысты бейімделуге мүмкіндік алады.

"Kebis KZ" ЖШС-нің негізгі қызметі медицина ұйымдарына, құрылыс компанияларына, өндірістік кәсіпорындарға және басқа да мекемелерге арналған арнайы жұмыс киімдерін тігуге бағытталған. Бұл жоба қылмыстық-атқару жүйесі мен бизнес өкілдерінің өзара тиімді ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.

 Салтанатты рәсімге Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, сондай-ақ Қарағанды облысы мекемелерінде қылмыстық жазалардың орындалу заңдылығын қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратураның прокуроры, 2-сыныпты заңгер Горохова Яна Андреевна қатысты.

Жаңа тігін кәсіпорнының ашылуы сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Жұмыс орындарының құрылуы олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, еңбек тәртібі мен жауапкершілігін қалыптастыруға, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға сәтті бейімделуіне оң ықпал етеді.

Тэгтер:

Қарағанды Әйел кәсіпорын абақты тігін цехы