Елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құруға қатысты 38 қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 07:57 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету және қатысу, оның ішінде трансұлттық сипаттағы фактілер бойынша 38 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша да қылмыстық істер тергелуде.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, әр түрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

"Азаматтар мен кәсіптердің қауіпсіздігіне қол сұғатын қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударылуда. Полицейлер кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарында жасалған және өзге де қылмыстарға қатысты 270-тен астам бопсалау фактісін анықтады. Еліміздің өңірлерінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды", - деді ол.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, жазасын өтеп жатқан қылмыстық орта өкілдерінің мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіру фактілері бойынша 50-ден астам қылмыстық іс тіркелді.

Трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. ІІМ бастамасымен "заңдағы ұры" деп аталатын санатқа жататын, сондай-ақ шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстан Республикасына кіруіне тыйым салынды.

"Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" Заңды іске асыру аясында 80-нен астам қылмыс анықталды. Зардап шеккендерге қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы қамтамасыз етілді.