Алматыда екі ер адам арасындағы жанжал пышақтасуға ұласты. Белгілі болғандай, жанжалға қатысқандардың бірі қарсыласының қарындасына үйленбек болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, тойға дайындықпен аяқталуы тиіс отбасылық жанжал пышақтасумен біткен.
"Бостандық ауданындағы сауда үйлерінің бірінің автотұрағында ер адам мен оның болашақ жарының ағасы арасында жанжал шыққан. Тергеу нұсқасы бойынша, жанжал кезінде қатысушылардың бірі пышақ алып, қарсыласына жарақат салған", – деп хабарлады полиция.
Күдікті полиция қызметкерлері тарапынан ізін суытпай ұсталды. Қылмыс құралы оның көлігінің салонынан табылып, тәркіленген. Заттай дәлелдемелер қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
"Жәбірленуші ауруханаға жатқызылды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Қақтығысқа қатысушылардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі", – деп нақтылады полиция.