Пәкістанда оқу орталығының шатыры құлап, 14 бала қаза тапты

Бүгін, 21:32 / Жамбыл Жайлау
x.com/@iihtishamm

Пәкістанның Лахор қаласында білім беру орталығының шатыры опырылып, кем дегенде 14 бала қаза тапты. Тағы бірнеше адам жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға Лахор қаласының Кахна ауданында болған. Rescue 1122 құтқару қызметінің өкілі Фарук Ахмедтің айтуынша, шатыр құлаған сәтте ғимарат ішінде балалар сабақта отырған.

Құтқарушылар оқиға орнына жетіп, үйінді астында қалғандарды іздеу жұмыстарын жүргізген. Олар қирандыларды аршып, зардап шеккендерді ауруханаға жеткізді.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандардың саны 14 балаға жеткен. Бұдан бөлек, бірнеше адамның жағдайы ауыр екені хабарланды.

Жергілікті билік оқиғаның нақты себебін анықтау үшін тексеру бастаған. Кей деректерге сәйкес, оқу орталығы орналасқан ғимарат ескі болған және онда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан болуы мүмкін.

Қайғылы жағдайдан кейін аймақтағы қауіпсіздік талаптарына қатысты мәселе қайта көтерілді. Құзырлы органдар ғимараттың қандай жағдайда пайдаланылғанын және оған жауапты адамдардың әрекетін тексеріп жатыр.

Тэгтер:

Пәкістан