Ресейдің Краснояр өлкесіндегі Минусинск ауданында балалар отырған автобус жол жиегіне аударылып, екі адам зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Interfax мәліметінше, жол апаты салдарынан бір әйел мен 15 жастағы жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Полицияның хабарлауынша, апат кезінде автобустың ішінде 27 бала болған. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
Тергеу дерегіне сәйкес, Hyundai автобусы балалар лагерінен қайтып келе жатқан. Жолдың 32-шақырымында қарсы бағытқа Kia Sportage көлігі шығып кеткен.
Соқтығысудың алдын алу үшін автобус жүргізушісі рульді оңға бұрған. Соның салдарынан автобус жол жиегіне шығып, аударылып қалған.
Ал Kia Sportage көлігін басқарған әйел полицияға рөлде отырып ұйықтап кеткенін айтқан.
Қазір құқық қорғау органдары жол апатына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.