Жаңа институттардың қалай жұмыс істейтіні реформа нәтижесінің басты көрінісі болмақ – сарапшы

Бүгін, 18:00 / Ербұлан Қайрат

1 шілдеден бастап елімізде жаңа Конституция күшіне енді. Саясаттанушы Жұмабек Сарабековтің пікірінше, бұл құжатты тек заңнамалық өзгеріс ретінде ғана емес, елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқару құрылымын жаңартуға бағытталған маңызды тарихи қадам ретінде бағалау қажет, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін саяси жүйе бір күнде түбегейлі өзгеріп кетпейді. Дегенмен, жаңа құжат ел дамуының жаңа құқықтық және саяси ережелерін қалыптастырады. Ендігі басты мәселе – осы ережелердің іс жүзінде қалай орындалатынында.

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Менің ойымша, бұл құжатты тек заңнамалық өзгеріс ретінде ғана емес, елдің саяси жүйесін, жалпы мемлекеттік басқаруды жаңартуға бағытталған маңызды қадам ретінде қарау керек. Себебі Конституция – кез келген мемлекет үшін ең басты құжат. Ол елдің негізгі ережелерін, билік институттарының қалай жұмыс істейтінін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаларын айқындайды. Әрине, жаңа Конституция қабылданды екен деп саяси жүйе бір күнде өзгеріп кетпейді. Дегенмен де жаңа құжат жаңа ережелерді қалыптастырады. Сондықтан алдағы уақыттағы басты мәселе – осы ережелердің іс жүзінде қалай орындалатынында, – дейді ол.

Жаңа Ата заң аясында мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар өзгерістер болады. Атап айтқанда, Құрылтай, Халық Кеңесі, вице-президент сынды жаңа институттар енгізіледі. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту, саяси жүйенің тұрақтылығын арттыру және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту.

Мысалы, Ата заңымыздың аясында қазақстандық билік жүйесі қайтадан жасақталатыны белгілі. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару құрылымында мүлдем жаңа институттар пайда болады – Құрылтай, Халық Кеңесі, вице-президент. Және де Конституцияны талқылау кезінде айтылған басты идея – бұл өзгерістердің барлығы билік пен қоғам арасындағы байланысты жақсартуға, саяси жүйеміздің тұрақтылығын арттыруға бағытталған. Сондықтан алдағы уақытта осы жаңа институттардың қалай жұмыс істейтіні – конституциялық реформаның нақты нәтижелерінің басты көрінісі болмақ. Құрылтай шынайы ашық пікірталас алаңына айнала ма? Мемлекеттік органдардың жұмыс сапасы қаншалықты артады? Азаматтардың ұсыныстары мен сыни пікірлері нақты шешімдерге қаншалықты әсер ете алады? – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, конституциялық өзгерістердің нәтижелі болуы азаматтардың белсенділігіне де тікелей байланысты. Егер қоғам жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, мемлекеттік шешімдерге бейжай қарамаса, қоғамдық бақылау күшейіп, жаңа Конституцияның нақты әсері де арта түседі.

Сонымен қатар, көп нәрсе азаматтардың өз белсенділігіне де байланысты болады. Егер қоғам жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік шешімдерге бейжай қарамаса, қоғамдық бақылау күшейсе, онда жаңа Конституцияның нақты әсері де жоғары болады. Яғни, өзгеріс тек билік тарапынан ғана емес, азаматтардың қатысуы арқылы да жүзеге асуы керек. Сарапшы пікірінше, өзгерістер тек билік тарапынан ғана емес, азаматтардың қатысуы арқылы да жүзеге асуы тиіс. Сондықтан жаңа Конституция саяси реформаның аяқталғанын емес, керісінше, оның жаңа әрі маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Сондықтан Жаңа Конституция саяси реформаның аяқталғанын емес, керісінше, оның жаңа әрі маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл – билік жүйесін жаңартуға, мемлекеттік басқаруды тиімді етуге және азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге берілген үлкен тарихи мүмкіндік. Және осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет деп ойлаймын, – дейді ол. 

Тэгтер:

Реформа Ата заң жаңа Конституция