Қазақстандық музыканттар Ослода жеке концертін өткізіп, халықаралық фестивальге қатысты

Бүгін, 17:05 / Дана Ізтілеуова

18–23 маусым аралығында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамына кіретін «FORTE TRIO» триосы Норвегия Корольдігінде өткен «Earth & East Festival» халықаралық фестиваліне қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұжым құрамында көркемдік жетекші Тимур Урманчеев, скрипкашы Мақсат Жүсіпов және виолончельші Мұрат Нарбеков өнер көрсетті.

Фестиваль аясында қазақстандық музыканттар әлемнің түрлі елінен келген орындаушылармен және шығармашылық ұжымдармен бірге сахнаға шығып, халықаралық деңгейде отандық орындаушылық өнердің жоғары кәсіби әлеуетін танытты.

Сапардың маңызды оқиғаларының бірі – Осло қаласындағы «Store Festsal» концерт залында өткен «FORTE TRIO» триосының жеке концерті болды. Концерт бағдарламасына әлемдік классикалық музыканың жауһар туындыларымен қатар, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын танытатын шығармалар енді.

Концерт Норвегиядағы дипломатиялық корпус өкілдерінің, мәдениет және өнер қайраткерлерінің, Қазақстан диаспорасының мүшелерінің, сондай-ақ академиялық музыканы сүйер қауымның зор қызығушылығын тудырды.

«FORTE TRIO» триосының «Earth & East Festival» халықаралық фестиваліне қатысуы және Осло қаласында концерттік бағдарламамен өнер көрсетуі қазақстандық музыкалық өнерді халықаралық кеңістікте кеңінен насихаттауға, еліміздің оң имиджін нығайтуға және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі үлес қосты.