Қызылорда облсы Жалағаш ауданы Еңбек ауылындағы Мардан Байділдаев атындағы №232 орта мектептің 11-сынып оқушысы Альфия Балхан Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары нәтиже көрсетіп, 140 ұпай жинады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жалағаш аудандық Білім бөлімінің мәліметінше, «Алтын белгі» иегері атанған талапты түлек қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін таңдап, ұстаздарының кәсіби қолдауы мен сапалы тәлімінің, сондай-ақ өзінің табанды еңбегі, үздіксіз ізденісі және жоғары жауапкершілігінің арқасында аталған биік белесті бағындырды.
«Бұл – Альфияның, ата-анасының, ұстаздарының және білім ордасының ортақ жетістігі. Бұл жоғары нәтиже ауданымыздағы білім сапасының артып келе жатқанын, сондай-ақ дарынды оқушыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың жемісті нәтижесін айқын көрсетеді.
Жас түлекке алдағы студенттік өмірінде мол жетістіктер, биік белестер мен барлық армандарының орындалуын тілейміз!», – делінген хабарламада.