Алматы қаласында бұған дейін атауы болмаған бірнеше ондаған көшеге жаңа атаулар берілді. Олардың қатарында 2018 жылы қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің есімі берілген көше де бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тиісті қаулыға қала әкімдігі қол қойды. Құжатқа сәйкес, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы 150-ден астам көшеге жаңа атау берілді.
Есімдері көшелерге берілген тұлғалардың қатарында Денис Тен, Амантай Байтанаев, Хо Ши Мин, Наталья Сац, Қайым Мұхамеджанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұзафар Әлімбаев, Смайыл Өтегенов, Мәуітхан Сыдықов, Бекеш Мадалиев, Анатолий Храпатый және басқа да белгілі тұлғалар бар.
Денис Тен атындағы көше Бостандық ауданындағы «Архат» шағын ауданында орналасқан.
Сондай-ақ қалада Шаңқобыз, Ақсарай, Жаңаөзен, Ақтау, Үшарал, Бозжыра, Ерейментау және басқа да атаулар берілген көшелер пайда болды.
Қаулы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді. Көшелердің жаңа атаулары мен олардың орналасқан жерлерінің толық тізімі құжат мәтінінде көрсетілген.