Бүгіннен бастап күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттік құрылым, заң шығару жүйесі және мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа моделін қалыптастырады. Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова жаңа Негізгі заң Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына тың серпін беретінін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл оқиға тек құқықтық қана емес, тарихи маңызға да ие. Еліміз мемлекеттік құрылымның, заң шығару процесінің, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңартылған моделіне қадам басты.
Жаңа Конституция мемлекеттілікті дамытудың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңін айқындайды. Оның ережелері халық өкілдігін нығайтуға, заң шығару процесінің тиімділігін арттыруға, адамның құқықтық кепілдіктерін күшейтуге және мемлекеттік басқарудың орнықты жүйесін қалыптастыруға бағытталған», – деді Жанар Жігітекова.
Ол маңызды өзгерістердің бірі – бір палаталы Парламенттің, яғни Құрылтайдың құрылуын атап өтті.
«Мұндай формат заң шығару процесін неғұрлым тұтас, жедел әрі жауапты етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа модель заң жобаларын құқықтық сараптамадан өткізуге, қоғамдық талқылау мен ғылыми сүйемелдеудің сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да ерекше мәнге ие. Бұл – түрлі қоғамдық күштердің өкілдігін қамтамасыз ететін жаңа конституциялық консультативтік орган. Оның құрылуы мемлекеттің азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының ел дамуының аса маңызды мәселелерін талқылауға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ұмтылысын көрсетеді.
Жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру мақсатында базалық заңнамалық актілер, оның ішінде конституциялық заңдар қабылданып, қолданыстағы заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізілді. Бұл түзетулер саяси жүйені, заңнаманың ұғымдық аппаратын, адам құқығын, цифрлық құқықты, әлеуметтік саланы, мемлекеттік басқару мен құқық қолдану мәселелерін қамтыды.
Адамның жеке өмірін, дербес деректерін, еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Бұл жаңа конституциялық модельдің гуманистік бағытын айқындайды. Оның өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, бостандықтары мен заңды мүдделері тұр», – деді ол.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың, заңгерлер мен ғылыми қауымдастықтың алдында маңызды міндет тұр.
«Ол – жаңартылған нормалардың тәжірибеде дәл, біркелкі әрі сапалы қолданылуын қамтамасыз ету. Себебі Конституцияның мәні оның мәтінінде ғана емес, оның ережелерінің әрбір азаматтың өмірінде қалай іске асатыны арқылы көрінеді.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстан үшін заңнаманы жаңарту, мемлекеттілікті нығайту, халық өкілдігін дамыту және әділетті, қауіпсіз әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы жаңа құқықтық кезеңнің басталуын білдіреді» – деді спикер.