Жамбыл облысында Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ауқымды жобалардың бірі – Masdar жел электр стансасының инфрақұрылымын дамыту жұмысы басталды. Жоба аясында стансаға апаратын кірме жолдың құрылысы қолға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаны халықаралық Masdar (Abu Dhabi Future Energy Company) энергетикалық компаниясы жүзеге асырады. Жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын, энергия жинақтау жүйесімен біріктірілген жел электр стансасын салу көзделген.
Жобаның алғашқы кезеңінде BI-Industrial Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Жаңарық ауылы маңындағы құрылыс алаңында дайындық жұмысын іске асырылмақ.
«Masdar жобасына қатысу – қазақстандық инженерлер мен құрылысшылардың кәсіби құзыретінің мойындалуы. Бүгінде ірі энергетикалық нысандарды іске асыруда инфрақұрылымдық дайындықтың маңызы негізгі құрылыс жұмысынан кем емес. Бұл жоба біздің командаға еліміздегі жаңартылатын энергетиканы дамытуға үлес қосып, халықаралық деңгейдегі жобада жинақталған тәжірибемізді қолдануға мүмкіндік береді», – деді BI-Industrial компаниясының бас директоры Арман Лесбеков.
Аталған кірме жол құрылысы – жел электр стансасын салуға даярлықтың негізгі кезеңдерінің бірі. Болашақта бұл нысан өңірдегі жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың қатарына еніп, Қазақстанның жасыл экономиканы дамыту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсаттарын іске асыру ісіне елеулі үлес қоспақ.
BI-Industrial – халықаралық ENR Top 250 Global Contractors рейтингіне кіретін BI Group холдингінің еншілес компаниясы. Компания жүзеге асырған ірі жобалардың қатарында Саран қаласындағы KamaTyresKZ шина зауыты, ERG компаниясына арналған хром шламдарын қайта өңдеу фабрикасы, жеңіл тағамдар өндіретін зауыт үшін 220 кВ электр жеткізу желілерін көшіру жұмысы, «Теңізшевройл» компаниясының BMEI және 3GI жобалары, сондай-ақ өзге де өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандар бар.