«Таза Қазақстан»: Жетісу облысында 8 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Бүгін, 14:37 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жетісу облысында полиция қызметкерлері экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ретте браконьерлік деректерін анықтауға, қоршаған ортаны ластауға, абаттандыру қағидаларын бұзуға және табиғатты қорғау заңнамасының өзге де талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері өңір аумағында экологиялық сипаттағы 8078 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 7958 дерек аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу мен инфрақұрылым нысандарын бүлдіруге, ал 120 дерек ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты.

Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу ісінде жедел басқару орталығының (ЖБО) рөлі ерекше. Бейнебақылау жүйелері арқылы полиция қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық орындардағы жағдайды бақылап, заң бұзушылық белгілері анықталған жағдайда ақпаратты жедел түрде жақын маңдағы полиция жасақтарына жолдайды. Соның нәтижесінде құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қойылып, тиісті шаралар қабылданады.

Заманауи цифрлық технологияларды қолдану полицияның профилактикалық жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, құқық бұзушылардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Полиция азаматтарға сырт көзге елеусіз көрінетін әрекеттердің де қоршаған ортаға зиян келтіретінін еске салады. Темекі тұқылын, пластик бөтелкені, түрлі қаптамаларды немесе өзге де тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастау экологиялық талаптарды бұзу болып саналады және заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

Жетісу облысының полициясы тұрғындар мен өңір қонақтарын табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға және қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті әрі жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырады.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тэгтер:

Жетісу облысы Таза Қазақстан