Шығыс Қазақстан тұрғыны ғасырдан астам тарихы бар қаруды полицияға тапсырды

Бүгін, 14:02 / Алуа Арман
polisia.kz

Заңсыз сақталған қаруды ақылы негізде өткізу бойынша республикалық акция аясында полицияға бірегей дүние тапсырылды. Аңшы мылтықтарының арасынан инспекторлар нағыз мұражай экспонатын — 1900 жылы шығарылған «Браунинг» жүйесіндегі тапаншаны анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

20 сәуірден бастап Шығыс Қазақстанда атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыру бойынша республикалық акция жалғасуда.

Облыс тұрғындары науқанға белсенді қатысуда: бүгінгі таңда полиция бөлімшелеріне 49 бірлік атыс қаруы өз еркімен өткізілді.

Әдеттегі аңшы мылтықтарының ішінен сарапшылардың ерекше назарын 1900 жылғы үлгідегі аңызға айналған "Браунинг" жүйесіндегі өздігінен оқталатын тапанша (калибрі 7,65 мм) аударды. Бұл — әйгілі қару-жарақ шебері Джон Мозес Браунинг жасаған, әлемдегі алғашқы сериялы өздігінен оқталушы тапаншалардың бірі.

— Тапанша сот-баллистикалық сараптамадан өтті, оның ақаусыз екені расталды. Қарудың көнелігіне қарамастан, ол өз жауынгерлік қасиетін сақтап қалған. Мамандар химиялық өңдеу әдісімен сериялық нөмірдің бір бөлігін қалпына келтіруге қол жеткізді, — деп атап өтті ШҚО полиция департаментінің криминалист сарапшылары.

Полиция заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсыру — оны заңдастырудың немесе қауіпті заттан жауапкершіліксіз құтылудың ең оңтайлы жолы екенін еске салады. Қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар, егер олардың іс-әрекетінде өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен толық босатылады.

Тэгтер:

Полиция Тапанша Шығыс Қазақстан қару