«Көңіл күйі өте жақсы»: Қайрат Боранбаев «Челси» сапында жаттығып жүрген Дастан Сәтпаевпен кездесті

Бүгін, 12:40 / Дана Ізтілеуова
Қайрат Боранбаевтың жеке парақшасынан

«Қайрат» футболы клубының иесі, кәсіпкер Қайрат Боранбаев Лондон маңындағы «Челсидің» Кобхэмдегі жаттығу базасына барып, Дастан Сәтпаевпен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Лондонға сапар барысында «Челсидің» Кобхэмдегі жаттығу базасына барып, Дастанмен кездесудің сәті түсті.

Ең бастысы – оның көңіл күйі өте жақсы. Ол толықтай жұмысқа ден қойып, мансабының жаңа кезеңін бастап кетті. Дастан Қазақстан чемпионаты қызу жүріп жатқан кезде Лондонға барғандықтан, ол мұнда жақсы физикалық дайындықпен келді. Бұл жас футболшының жаңа ортаға тез бейімделуі үшін – үлкен артықшылық.

Ерекше қуантатыны, «Челсиде» оған қойылатын көптеген талап мен жұмыс қағидалары оған тосын болған жоқ. Біз «Қайрат» академиясында ойыншыларды баптаудың заманауи еуропалық стандарттарын мақсатты түрде енгіздік. Сондықтан бұл тәжірибе оған жаңа ортаға жылдам бейімделіп, өз әлеуетін толық ашуға көмектесетініне сенімдімін», – дейді кәсіпкер.

Қайрат Боранбаев өз сөзінде Еуропаның топ-клубтарын қол жетпес арман деп қабылдауды доғаратын уақыт келгенін айтады.

«Бірақ бүгінгі әңгіме тек бір талантты футболшы туралы емес.

Бұл – тұтас қазақстандық футболдың мүмкіндіктері туралы әңгіме. Бұл – біздің балаларымыз дұрыс дайындық алып, тәртіпті сақтап, өз күшіне сенсе, әлемнің үздік ойыншыларымен бәсекеге түсе алатынының дәлелі. Еуропаның топ-клубтарын қол жетпес арман деп қабылдауды доғаратын уақыт келді. Бұл – күнделікті еңбек, кәсіби көзқарас және сапалы даярлық жүйесі арқылы жетуге болатын нақты мақсат.

Дастанның жолы Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі мыңдаған жасөспірімге шабыт сыйласа екен деймін. Әрбір жас футболшы туған жерің сенің мүмкіндігіңнің шегін айқындамайтынын түсінсе екен. Мүмкіндіктің шегін адамның мінезі, еңбекқорлығы және күн сайын өз-өзін жетілдіруге деген талпынысы айқындайды.

Мен бұл оқиғаның әлі бастамасы ғана екеніне сенемін. Дастанның ізін басып, әлемнің ең мықты клубтарына қазақстандық футболдың өзге де түлектері жол тартады деп кәміл сенемін. Біздің міндет – соларға осы жолды ашып, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі футболшыларды тәрбиелей алатын ел екенін дәлелдеу», – дейді ол.

Тэгтер:

Қайрат Боранбаев Челси Дастан Сәтпаев