1 шілдеде Қазақстан Қарулы күштерінде барлық деңгейдегі командирлердің сенімді тірегі әрі әскери қызметшілерді даярлау, тәрбиелеу және әскери тәртіпті сақтаудағы маңызды буын саналатын сержанттар күні атап өтіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл мерекенің тарихы 1996 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының құрылуымен байланысты. Аталған шешім тәуелсіз Қазақстанның кәсіби сержанттар корпусын қалыптастырудың негізіне айналып, кіші командирлерді даярлаудың заманауи үлгісін қалады.
2021 жылы 1 шілде ресми түрде Сержанттар күні болып бекітілді. Биыл Қарулы күштердің кәсіби сержанттар корпусының құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Осы жылдар ішінде Қазақстанда Қарулы күштердің даму талаптарына сай кәсіби сержанттарды даярлаудың заманауи жүйесі қалыптасты. Бүгінде сержанттар армияның ажырамас бөлігіне айналып, жауынгерлік даярлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықовтың айтуынша, сержанттар құрамының атқаратын міндеттері ауқымды әрі жауапты. Олар сарбаздардың тікелей командирлері ретінде әскери тәртіптің жоғары деңгейін сақтап, жеке құрамды оқытып-тәрбиелейді және офицерлерге жүктелген міндеттерді орындауда жан-жақты қолдау көрсетеді.
– Сержанттардың кәсібилігі, беделі, білімі мен жеке үлгісі әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының деңгейіне, моральдық-психологиялық ахуалына және бөлімшелердің жүктелген міндеттерді орындауға дайындығына тікелей әсер етеді, – деді шебер-сержант Темірбек Халықов.
Қарулы күштерде сержанттар құрамын даярлау жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында жыл сайын «Үздік сержант» жалпыәскерлік байқауы өткізіледі. Байқауға қатысушылар өздерінің теориялық дайындығы мен қызметтік міндеттерін орындауға қажетті практикалық дағдыларын көрсетеді. Сонымен қатар жеңімпаздар Қазақстан Қарулы күштерінің атынан халықаралық жарыстарға қатысады.
Сонымен бірге Қарулы күштердің оқу-әдістемелік базасы да жетілдірілуде. Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріле отырып, әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығында қолданылатын нормативтер жинағы қайта әзірленді.
Сержант кадрларын даярлау еліміздің бес әскери колледжінде он түрлі мамандық бойынша жүзеге асырылады. Олардың түлектері Қарулы күштердің әртүрлі түрлері мен әскер тектерінде қызмет атқарады.
Сержанттар корпусы кәсіби Қазақстан армиясының берік негізі саналады. Кіші командирлердің кәсібилігі мен әскери борышқа адалдығы Қарулы күштердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің және елдің қорғаныс қабілетін нығайтудың маңызды факторларының бірі екені анық.