Адам өтірік айтпай тұрып-ақ оның миында белгілі бір өзгерістер пайда болады. Бонн университетінің ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу өтірік айтуға дайындық кезеңінің өзінде мидың зейін мен ақпаратты өңдеуге жауапты аймақтары белсенді жұмыс істей бастайтынын көрсетті. Зерттеу нәтижелері NeuroImage ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін өтірікті анықтауға арналған зерттеулер негізінен адамның алдап сөйлеп тұрған сәтіндегі ми белсенділігін бақылауға бағытталған еді. Ал бұл жолы мамандар өтірік айтылар алдындағы дайындық кезеңінде қандай нейрофизиологиялық өзгерістер болатынын зерттеген.
Ғылыми тәжірибеге 32 ерікті қатысқан. Олар туған жері, мекенжайы секілді жеке мәліметтерге қатысты сұрақтарға жауап берген. Әр сұрақтың алдында қатысушыларға қай тақырып бойынша шындықты айту, ал қайсысы бойынша өтірік жауап беру керектігі алдын ала хабарланған. Осы уақытта зерттеушілер олардың миындағы электрлік белсенділікті электроэнцефалография әдісі арқылы тіркеп отырған.
Зерттеу нәтижесінде өтірік айту қажеттігі туралы белгі берілген сәттен кейін-ақ мида айқын өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, зейінді шоғырландыруға, когнитивтік өңдеуге және әрекетке дайындалуға байланысты белсенділік күшейген.
Сонымен қатар мидағы альфа-белсенділік төмендеген. Бұл көрсеткіш әдетте адамның тыныштық күйімен байланыстырылады. Ғалымдардың айтуынша, альфа-белсенділіктің азаюы өтірік айту алдында мидың қосымша когнитивтік ресурстарды жұмылдыратынын білдіруі мүмкін.
Зерттеушілер бұдан кейін осы нейрондық белгілер арқылы адамның қай тақырып бойынша өтірік айтуға дайындалып жатқанын анықтауға бола ма деген сұраққа жауап іздеген. Бірнеше нейрондық маркерді бірге қолдану арқылы мамандар 32 қатысушының 24-інде болашақ өтіріктің категориясын дұрыс анықтаған. Бір жағдайда жүйе қате нәтиже көрсетсе, жеті қатысушы бойынша нақты қорытынды жасау мүмкін болмаған.
Дегенмен зерттеу авторлары бұл нәтижелерге сақтықпен қарау қажет екенін атап өтті. Себебі тәжірибе зертханалық жағдайда жүргізілген және қатысушыларға қашан өтірік айту керектігі алдын ала айтылған. Ал күнделікті өмірде адам көбіне өтірік айту туралы шешімді аяқ астынан қабылдайды. Сондықтан ғалымдар бұл бағытта қосымша зерттеулер жүргізу қажет деп санайды.