Мәди Мырзағараев: Жаңа Конституция – жай ғана құқықтық түзету емес, жаңа дәуірдің бастауы

Бүгін, 11:47 / Алуа Арман
Ғаламтор

Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі комиссияның құрамында болып, жаңа Конституцияны жазуға бір кісідей ат салысқан Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев бұл құжаттың тарихи маңызы туралы кеңінен тарқатып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа Конституция, бұл – мемлекеттің өз-өзіне жаңа талап қоюы. Бұл – билік құрылымын қайта сызу ғана емес, мемлекет пен азаматтың арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру талпынысы. Конституциялық комиссия 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылып, жоба ашық талқылауға шығарылды, азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары eGov және e-Otinish арналары арқылы жинақталды. Бұл құжаттың ішкі философиясына қарасақ, оның өзегінде бір іргелі ой тұр: мемлекет адам үшін. Бұл шын мәнінде өте терең қағида. Өйткені шынайы құқықтық мемлекет азаматты жүйеге бейімдеуге емес, жүйені адам құқығын қорғауға бейімдеуге тиіс. Жаңа Конституция ресми түсіндірмелерде де адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде қояды. Егер осы қағида кейін заңдарға, сот тәжірибесіне, мемлекеттік шешімдердің мәдениетіне шын мәнінде сіңсе, онда бұл құжаттың тарихи маңызы зор болмақ. 

Заңгер әрі адвокат ретінде мен үшін бұл Конституциядағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – адвокатура мәртебесінің конституциялық деңгейде танылуы. Мұны кейбіреулер тек қана адвокаттардың кәсіби мәртебесін көтеру деп қабылдауы мүмкін. Бірақ мен бұған мүлде басқаша қараған дұрыс деп ойлаймын. Бұл – адвокаттарға берілген артықшылық емес, азаматтарға берілген қосымша кепілдік. Себебі сотта, тергеуде, жалпы құқық қорғау жүйесінде адамның тағдыры көбіне оның қорғануының сапасына байланысты. Егер қорғаушы тәуелсіз, батыл, кәсіби және процессуалдық тұрғыдан нақты қорғалған болса, онда азаматтың да құқығы әлдеқайда сенімді қорғалады. Сондықтан адвокатураны конституциялық кеңістікке шығару – белгілі бір мамандық иелерін емес, әділ сотқа мұқтаж қоғамды күшейту. Ресми түсіндірмелерде де бұл норманың мақсаты әркімнің білікті заң көмегіне қол жеткізуін конституциялық деңгейде нығайту екені айтылған», – дейді ол.

Мәди Мырзағараевтың айтуынша, жаңа Конститцияда адам құқықтары, жеке өмір, құқықтық кепілдіктер және заманауи қауіптерге жауап беру логикасы айқын көрінеді.

«Тағы бір аса маңызды жаңалық – цифрлық кеңістіктегі адамның құқығын қорғау мәселесінің көтерілуі. Бүгінгі өмірдің едәуір бөлігі нақты өмірде емес, цифрлық ортада өтіп жатыр. Банктік операция да, сауда да, құжат айналымы да, оқу да, байланыс та, тіпті күнделікті тұрмыстың қарапайым қызметтері де цифрлық жүйемен байланысып кетті. Мұндай жағдайда адамның жеке өмірі мен деректерін қорғау – ертеңгі емес, бүгінгі күннің талабы. Ата заң бойынша цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғауға ерекше мән берілуі – заманның шындығын мойындау. Бұл жерде сөз тек технология туралы емес, адамның қадір-қасиеті туралы болып отыр. Адамның үйі қалай қорғалса, оның дерегі де солай қорғалуға тиіс. Себебі цифрлық кеңістіктегі қол сұғушылық – шынайы өмірдегі қол сұғушылықтың жаңа түрі. Жаңа Конститцияда адам құқықтары, жеке өмір, құқықтық кепілдіктер және заманауи қауіптерге жауап беру логикасы айқын көрінеді. 

Мен үшін шын мәнінде серпінді, тіпті белгілі бір мағынада революциялық норма – мемлекеттің заңсыз әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеу кепілдігінің күшеюі. Көп адам мұндай норманы бір қарағанда қарапайым норма ретінде қабылдауы мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл – үлкен өзгеріс. Өйткені азамат мемлекеттік органның қателігінен, заңсыз шешімінен, салғырттығынан зардап шексе, ол “өз мәселең” деп сыртта қалмауы керек. Мемлекет жауап беруге тиіс. Осындай қағиданың конституциялық деңгейде көрініс табуы шенеуніктің де, органның да әр шешіміне басқаша қарауға мәжбүр етеді. Бұл сот реформасына, әкімшілік әділетке, құқықтық мәдениетке тікелей әсер ететін ұстаным. Азамат үшін бұл – жай сөз емес, құқықтың нақты нәтижеге айналуы», – дейді Мәди Жомартұлы.

Спикердің айтуынша, жаңа Конституцияда отбасы институтына қатысты нормалардың нақтылануы да қоғамдық айқындық үшін маңызды.

«Ата-ана ретінде мен қолдайтын маңызды бағыттардың бірі – білім беру мен тәрбие кеңістігінің зайырлы сипатының айқын бекітілуі. Мектеп – ең алдымен білімнің, тәртіптің, азаматтық мәдениеттің, ойлау еркіндігінің орны. Бала санасы әлі қалыптасу үлгермегендіктен, мектеп пен тәрбие кеңістігі әртүрлі ықпалдан барынша таза болуы керек. Зайырлылық дегеніміз дінге қарсы тұру емес. Зайырлылық дегеніміз – мемлекет ешбір баланы діни немесе өзге идеологиялық қысымның алаңына айналдырмайтынына кепілдік беру деген сөз.

Сол сияқты отбасы институтына қатысты нормалардың нақтылануы да қоғамдық айқындық үшін маңызды. Неке мәселесінде мемлекеттің құқықтық ұстанымы анық, түсінікті және ресми тіркеуге негізделген болуы қоғамдағы екіұштылықтың алдын алады. Мұндай нормалар құқықтық анықтықты қамтамасыз етеді, ал құқықтық анықтық – тұрақтылықтың бір шарты.

Жалпы алғанда, бұл Конститцияны мен тек заңгер ретінде емес, өмір көрген азамат ретінде де маңызды құжат деп бағалаймын. Өйткені Конституция – жай баптардың жиынтығы емес. Ол – мемлекеттің адамға, адам құқығына қандай көзқараста екенін көрсететін айна. Егер онда азаматтың қорғануы, абыройы, дерегі, отбасысы, баласының қауіпсіздігі, соттағы теңдігі, мемлекеттен өтем талап ете алу құқығы нақты көрініс тапса, онда мұндай Конституция қоғамға жақындай түседі. Ал қоғамға жақындаған Конституция ғана шын мәнінде өміршең болады.

Менің ойымша, жаңа Конституцияның тарихи миссиясы да осында: ол Қазақстанды сырт көзге ғана заманауи мемлекет етіп көрсету емес, ішкі мазмұны жағынан да азаматқа арқа сүйейтін, жауапты, құқықтық, салмақты мемлекетке айналдыруға тиіс. Егер біз осы рухты сақтай алсақ, онда бұл расында да жаңа дәуірдің басы болмақ», – дейді ол.

 

 

Тэгтер:

адвокат жаңа Конституция Мәди Мырзағараев