БҰҰ өзге ғаламшарлықтармен байланыс орнатуға тыйым салды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жерден тыс саналы тіршілік иелерін іздеумен (SETI) айналысатын ғалымдарға арналған халықаралық қағидалар алғаш рет 2010 жылдан бері жаңартылды. Құжатты Халықаралық астронавтика академиясы (IAA) қабылдап, онда ықтимал сигнал анықталған жағдайда әрекет ету тәртібі мен ақпарат тарату ережелері нақтыланды, деп хабарлайды turkystan.kz iaaspace.org-ке сілтеме жасап.

Жаңартылған декларацияға сәйкес, егер ғалымдар жерден тыс өркениетке тиесілі болуы мүмкін сигналды анықтаса, ең алдымен оны бірнеше тәуелсіз ғылыми ұйым мен түрлі бақылау құралдарының көмегімен мұқият тексеруі қажет. Тек барлық тексерулер аяқталып, ғылыми қауымдастықтың ортақ келісімі қалыптасқан жағдайда ғана жаңалық ресми түрде жарияланады.

Құжатта бұған дейін расталмаған немесе күмәнді ақпаратты тарату қауесеттердің пайда болуына әкелуі мүмкін екені атап өтілген. Сондықтан зерттеушілерге тексеру жұмыстары аяқталғанға дейін сақтық таныту ұсынылады. Дегенмен бұл бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат жариялауға толық тыйым салынғанын білдірмейді. Керісінше, ғылыми ұйымдарға қоғамды нақты әрі уақтылы ақпаратпен қамтамасыз ету міндеті жүктелген.

Ережелердің ең маңызды тармақтарының бірі – жерден тыс өркениеттен келгені расталған хабарламаға бірден жауап беруге болмайтыны. Құжатқа сәйкес, мұндай шешім тек халықаралық консультациялардан кейін ғана қабылдануы тиіс. Бұл талқылаулар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен өткізіледі. Консультациялар аяқталғанға дейін ешқандай жауап жіберілмеуі қажет.

Сонымен қатар декларацияда анықталған барлық деректерді сақтау, оларды ғылыми қауымдастыққа қолжетімді ету, зерттеушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық құқық пен этикалық қағидаларды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Жаңартылған құжат 2010 жылы қабылданған SETI қағидаларының орнына енгізіліп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер болашақта жерден тыс саналы тіршілікке қатысты сенімді ғылыми дәлелдер табылған жағдайда халықаралық қауымдастықтың үйлесімді әрі жауапты әрекет етуіне бағытталған.

Тэгтер:

БҰҰ өзге ғаламшарлықтар байланыс орнату