Anthropic ЖИ мен адамзаттың жойылып кетуі туралы даулы пікір айтқан экономисті жұмысқа алды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: Shutterstock / Futurism

Жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін Anthropic компаниясы Стэнфорд университетінің экономика профессоры Чад Джонсты өз қатарына қосты. Алайда бұл тағайындау сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды turkystan.kz futurism.com-ға сілтеме жасап.

Financial Times басылымының мәліметінше, Чад Джонс бұрын жариялаған ғылыми еңбектерінің бірінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуы экономикалық өсімге алып келуі мүмкін деген болжамды адамзаттың жойылып кету қаупімен салыстырып қарастырған.

Ғалымның есептеуінше, егер 40 жыл бойы жыл сайын экзистенциалды қауіптің ықтималдығы 1 пайыз болса, онда адамзаттың бұл кезеңнен аман шығу мүмкіндігі шамамен 67 пайызды құрайды. Оның пікірінше, өмір сүру деңгейі бірнеше ондаған есе артады деген болжам орындалған жағдайда, мұндай тәуекел белгілі бір экономикалық модель тұрғысынан «оңтайлы» деп бағалануы мүмкін.

Алайда бұл тұжырым қоғамда кеңінен сынға ұшырады. Әлеуметтік желілердегі қолданушылардың бірқатары адамзаттың өмір сүруіне қатысты тәуекелдерді математикалық модельдер арқылы ақтауға болмайтынын айтып, мұндай мәселелерде ерекше жауапкершілік қажет екенін алға тартты.

Anthropic соңғы жылдары жасанды интеллект қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударатын компаниялардың бірі ретінде танылып келеді. Компания өз жарияланымдарында озық AI жүйелерінің ықтимал қауіптері туралы жиі мәлімдеп, технологияны жауапкершілікпен дамыту қажеттігін көтеріп келеді.

Сонымен қатар Anthropic қызметіне қатысты қайшылықтар да жоқ емес. Кейбір сарапшылар компанияның қауіпсіздікке басымдық беретін мәлімдемелері оның технологияларының ықтимал мүмкіндіктеріне қоғамның қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді деп есептейді.

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектінің даму қарқыны күшейген сайын қауіпсіздік, этика және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері технологиялық компаниялар үшін басты тақырыптардың бірі болып қала береді.

Тэгтер:

ЖИ Стэнфорд Anthropic