Алматылық "Қайрат" футзалшылары 2025/26 маусымындағы Қазақстан чемпионаты финалдық сериясының шешуші матчында "Семейді" жеңді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Финалдық текетірестің соңғы, бесінші ойыны Семей қаласындағы "Абай Аренада" өтті. Негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды.
Қонақтар екі рет алға шықты. Алдымен 2-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Эдсон есеп ашса, 24-минутта Армения құрамасының футзалшысы Жулио Занотто гол соқты. Алаң иелері екі рет те есепті теңестірді. “Семей” сапынан ресейлік Камиль Герейханов 9-минутта, бразилиялық Габриэль Кандидо 33-минутта көзге түсті.
Овертаймда шешуші голды "Қайрат" капитаны әрі Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов соқты. Ол 45-минутта командасына жеңіс сыйлады.
Қорытынды есеп – 3:2. Дәл осындай есеппен алматылықтар финалдық серияда да жеңіске жетті. Осылайша "Қайрат" екінші жыл қатарынан және өз тарихында 22-рет Қазақстан чемпионы атанды.
"Семей" былтырғыдай биыл да күміс жүлдегер атанды. Айта кетейік, алдыңғы маусымда бұл команда алғаш рет чемпиондық атаққа қол жеткізіп, "Қайраттың" жеңісті сериясын тоқтатқан еді.