Көкшетауда зейнеткер банк қосымшасын орнатамын деп 3,1 млн теңгесінен айырылды

Бүгін, 21:06 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Көкшетауда егде жастағы әйел банктік қосымша орнатпақ болып, депозитіндегі ақшасынан айырылды. Зейнеткер қалалық полиция басқармасына банктік шотынан қаражат жоғалғанын айтып арызданған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 3,1 миллион теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полицейлердің алдын ала нұсқасына сәйкес, зейнеткер бірнеше ай бойы зейнетақы төлемдерін ала алмаған. Телефоны батырмалы болғандықтан, ол мобильді банктік қосымшаны орнату үшін қызмет көрсету орталықтарының біріне жүгінген.

Тергеу барысында полицейлер алаяқтық жасады деп күдікке ілінген ер адамды анықтады. Болжам бойынша, ол зейнеткердің сеніміне кіріп, оның банктік қосымшасына қол жеткізген. Кейін әйелдің депозитінде ақша барын көрген.

Полиция мәліметінше, күдікті қаражаттың бір бөлігін үшінші тұлғаларға аударған болуы мүмкін. Сондай-ақ зейнеткердің атына несие рәсімдеп, ақшаны өз қажетіне жұмсаған деген болжам бар.

Зейнеткер шотында ақша қалмағанын банк бөлімшесіне барған кезде ғана білген. Банк қызметкерлері оған полицияға жүгінуге кеңес берген.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Тэгтер:

Көкшетау