«Чехиядан жұмыс тауып беремін»: Астана тұрғындарын алдаған алаяқ ұсталды

Бүгін, 17:12 / Алуа Арман
polisia.kz

Астана қаласында Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері азаматтарды Чехияға жұмысқа орналастыруға уәде беріп, олардан ақша алған 31 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті шетелде жоғары жалақылы жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, азаматтардың сеніміне кірген.Осылайша ол кемінде алты эпизод бойынша алаяқтық әрекет жасап, жәбірленушілерден түрлі көлемде ақша алған. Алайда уәде еткен қызметін орындамай, кейін байланысқа шықпай қойған.

Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Алдын ала есеп бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 800 мың теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция департаменті азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру жөніндегі күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Құқық қорғау органдары шетелге жұмысқа жіберу қызметін ұсынатын ұйымдардың лицензиясы мен заңды қызметін алдын ала тексеруге, келісімшарттың талаптарымен мұқият танысуға және оның заңдылығына толық көз жеткізбейінше ақша аудармауға кеңес береді. Күмәнді жағдайларға тап болған жағдайда немесе алаяқтық белгілері байқалса, азаматтарға дереу 102 арнасына хабарласу ұсынылады.

Тэгтер:

Алаяқ Чехия