Батыс Қазақстанда трактор ұрлаған күдікті ұсталды

Бүгін, 16:42 / Алуа Арман
polisia.kz

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында полиция қызметкерлері тракторды заңсыз иеленді деген күдікке ілінген азаматты жедел-іздестіру іс-шаралары барысында "ізін суытпай" қолға түсірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

26 маусым күні полицияға ауыл шаруашылығы алқабынан трактордың ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға туралы ақпарат түскен бойда тәртіп сақшылары кешенді іздестіру жұмыстарын бастап, күдіктінің жүрген жерін қысқа мерзім ішінде анықтады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті тракторды автожолға дейін айдап барып, кейін полиция қызметкерлерінен бой тасалауды көздеген.

Тергеу барысында оның бұған дейін де көлік құралын заңсыз иеленгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қажетті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін ұрланған трактор заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша көлік құралын заңсыз иелену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Полиция ауыл шаруашылығы техникасының иелерін мүліктің сақталуына ерекше назар аударуға шақырады. Құқық қорғау органдары техника құралдарын қараусыз қалдырмауға, ұрлыққа қарсы қорғаныс жүйелерін пайдалануға және күмәнді жағдайлар байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға кеңес береді.

Тэгтер:

күдікті ұрлық Батыс Қазақстан трактор