Астана қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында өзін әскери қызметкер ретінде таныстырып, азаматты алдаған жас жігіттің бейнежазбасын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнежазбада "әскерге шақырылушы" рөліндегі азаматтың қашуға әрекеттеніп, жүгіріп бара жатып суға секіргені, кейін оның дер кезінде құтқарылғаны көрсетілген. Кейін анықталғандай, бұл көрініс әлеуметтік желіге ойын-сауық мақсатында түсірілген пранк болған.
Полиция қызметкерлері бейнежазбаның авторын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Тергеу барысында түсірілімге қатысқан екінші адамның кәмелетке толмаған жасөспірім екені және оның бұл әрекетке алдын ала келісім бергені белгілі болды.
Жасөспіріммен мұндай әрекеттердің қауіптілігі мен заңға қайшылығы жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 27 жастағы азамат ұсақ бұзақылық жасағаны, сондай-ақ арнайы нысанды киім мен айырым белгілері бар форманы заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция әлеуметтік желілерде қаралым мен танымалдыққа ұмтылу мақсатында қауіпті жағдайлар ұйымдастыруға жол берілмейтінін ескертеді. Мұндай әрекеттер адамдардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан заң талаптарын бұзатын пранктердің жолы кесіліп, оларды ұйымдастырған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.