Соңғы 5 жылда Қазақстанда электронды коммерция нарығы шамамен 8 есе ұлғайды – Тоқаев

Бүгін, 13:36 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында цифрлық дамуы ісіне кеңінен тоқталып, қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болғанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалады.
 
Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы.
 
Мұның бәрі азаматтарымыздың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олардың тұтынушылық мәдениеті өзгере бастағанын көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет тиісті инфрақұрылымды үздіксіз дамытып отыруы керек.
 
Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллекті жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды.
 
Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді.
 
Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады.
 
Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын», – дейді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатқанын, сол үшін болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярланатынын айтты.

«Шын мәнінде, қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатыр. 

Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпауымыз керек. 

Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярлауға кірістік», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен бірге, түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру екенін де жеткізді.

«Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылды.

Осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болмақ. 

Цифрлық трансформация дегеніміз – жоғарыдан төмен қарай барлық басқару тармақтарын, тіпті халықтың басым бөлігін қамтитын ашық әрі қарқынды үдеріс. 

Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан бастап ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мемлекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысып жатыр. 

Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюрократиядан арылып, тиімділігі жоғары «Мемлекет-платформа» (GovTech) сервистік парадигмасына батыл түрде көшуіміз қажет. 

Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру», - деді Президент.