Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14%-ға артып, 20 миллиард доллардан асты

Бүгін, 13:22 / Алуа Арман
Ақорда

Мамыр айында Мемлекет басшысы қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен осыған дейін елімізде жаңа ивестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру (диверсификация) дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды. 

Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. 

Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз. 

Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. 

Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн. 

Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразияның технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. 

Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (Ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажеттігіне тоқталды.

«Үшінші міндет. Еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту. 

Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. 

Бұл маңызды үштаған кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да негізгі тірегі саналады. 

Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз «әрлеу, яғни жөндеу» тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысандар мен жүйелерді түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізілетін болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тэгтер:

Тоқаев парламент