Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Екатерина Баранова 101 жасқа толды

Бүгін, 12:00 / Алуа Арман

Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері майдангерді арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорғаныс министрінің атынан ардагерге құттықтау хат табысталып, Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі мен Отан игілігі жолындағы жанқиярлық еңбегі үшін алғыс білдірілді.

Екатерина Александровнаның өмір жолы – ерлік пен қайсарлықтың, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Жеті сыныпты тәмамдағаннан кейін ол медицина техникумына оқуға түсіп, фельдшер мамандығын игере бастайды. Алайда бейбіт өмірді сұм соғыс үзді.

1943 жылы Белгород облысындағы туған ауданы неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеннен кейін Екатерина Баранова әскер қатарына шақырылып, 1-Украина майданының әскери госпиталіне жіберілді. Ол жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалуға және қайта сапқа оралуына аянбай еңбек етті. Жеңіс күнін Екатерина Баранова Чехословакияның Карловы Вары қаласында қарсы алды.

Соғыс жылдарындағы ерлігі мен батылдығы үшін Екатерина Баранова II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен және көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Құрметті жасына қарамастан, Екатерина Александровна өмірге деген құштарлығын, сергектігі мен рухының беріктігін сақтап келеді. Ол үшін әскери қызметшілер мен жас ұрпақтың құрметі мен қамқорлығы ерекше маңызды.

Мұндай кездесулер – Жеңіс ұрпағына деген құрметтің белгісі әрі бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын аямаған ардагерлерге көрсетілген тағзым.

Тэгтер:

Соғыс ардагері 101 жас