Шығыс Қазақстаннан келген төрт жігіт Қарағанды тұрғындарын тонаған

Бүгін, 11:21 / Алуа Арман
polisia.kz

Қарағандыда полицейлер өңірде бірнеше ірі ұрлық жасаған деген күдікпен гастрольдік қылмыстық топты ұстады. Шығыс Қазақстан облысынан келген төрт азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеудің алдын ала мәліметіне сәйкес, олар Қарағанды облысында жасалған бірнеше қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Күдіктілер негізінен тұрғын үйлер мен азаматтардың бағалы мүлкін нысанаға алған.

Зардап шеккендердің бірі – 66 жастағы қала тұрғыны. Қаскөйлер терезенің темір қоршауын кесіп, үйге заңсыз кіріп, алтын әшекейлер мен күзен терісінен тігілген тонды алып кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 10 миллион теңгені құрайды.

Тағы бір эпизодта Ақмола облысынан келген 45 жастағы азаматтың ішінде 2,1 миллион теңге қолма-қол ақшасы бар барсеткасы ұрланған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түсіп, олар жалдап тұрған пәтерге тінту жүргізді. Нәтижесінде ұрланған барсетка мен ондағы ақша, алтын бұйымдар, күзен тоны және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілерден пәтерлерге және автокөліктерге заңсыз кіру кезінде пайдаланылған болуы мүмкін арнайы құрал-саймандар да табылды.

Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер олардың Қарағанды облысы аумағында бұған дейін жасалған өзге де ұрлықтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Тэгтер:

Қарағанды ұрлық Қылмыстық топ тонау Шығыс Қазақстан