Ақтөбе облысында өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат қайтадан мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 27 маусым күні Мәртөк ауданының ауылдарының бірінде болған. Жергілікті тұрғын басқарған Opel Frontera автокөлігін учаскелік полиция инспекторы тоқтатқан. Бұған дейін ол дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тексеру барысында полиция қызметкері жүргізушінің мас күйде болғанын аңғарған. Медициналық куәландыру оның алкогольдік ішімдік ішкен күйде көлік басқарғанын растады.
«Тексеру барысында жүргізушінің 2023 жылы дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге отырып, заң талаптарын өрескел бұзып, жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігіне қатер төндірген», – делінген хабарламада.
Құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айып тұрағына қойылды, ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.