Ұлтым – белорус, жаным – қазақ: Қазақшаға судай Ұлттық ұлан сарбазы көпшілікті тәнті етті

Бүгін, 09:20 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы № 5513 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы Василий Мазурды алғаш көрген жан оның қазақ тілінде еш мүдірмей сөйлейтініне таңырқай қарайды. Ұлты белорус болғанымен, ол қазақ тілін ана тіліндей меңгерген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы дүниеге келген қасиетті Жуалы өңірінің тумасы Василий ауылдағы қазақ мектебінде білім алған. Қазақы ортада ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ол бала кезінен батырлар жырын тыңдап, Абайдың қара сөздерін оқып өсті.

Бүгінде оның отбасы мүшелерінің барлығы күнделікті тұрмыста қазақ тілінде сөйлеседі. Василий үшін бұл тек қарым-қатынас құралы емес, өмір салтына айналған.

– Қазақ тіліне деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Себебі қазақ халқының тарихы мен мәдениеті мені әрдайым қызықтыратын, – дейді әскери қызметкер.

Василий Отан алдындағы борышын Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде өтеді.  Әскери қызмет ұнағаны сонша, сарбаз алты айдан кейін келісімшарт негізінде қызметте қалуға шешім қабылдайды. Қазіргі таңда ол туған жеріндегі 5513 әскери бөлімінің автомобиль взводында патрульдік көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады.

Қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде тіл білудің пайдасын күн сайын көріп жүр. Тараз тұрғындарымен еркін тіл табысып, қызметтік міндеттерін сапалы орындауға бұл үлкен мүмкіндік береді.

Қатардағы Мазур үлгілі әскери қызметші, белсенді әрі жан-жақты азамат. Жыл басында әскери бөлімінде өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауында жеңімпаз атанды. Қазір ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өтетін келесі кезеңге дайындық үстінде.

Бос уақытын да тиімді пайдаланатын сарбаз әскери бөлім кітапханасына жиі барып, қазақ поэзиясының жауһарларын оқиды. Әсіресе ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін ұнатады.

Қазақ тілін құрметтеп қана қоймай, оны өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған қатардағы Василий Мазур – мемлекеттік тілдің мәртебесін  көтеріп жүрген әскери қызметшінің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы тілге деген сүйіспеншілік ұлтқа бөлінбейтінін, ал шынайы құрмет нақты іспен дәлелденетінін көрсетеді.

Тэгтер:

Ұлттық ұлан сарбаз