Футбол жанкүйері әлем чемпионаты үшін жұмысынан шығып кетті

29 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
BILD

АҚШ-тың екі тұрғыны футболға деген сүйіспеншілігін толыққанды жұмысқа айналдыруды ұйғарды. Олар әлем чемпионатының әр матчын көріп, әлеуметтік желіге контент жариялағаны үшін әрқайсысы 50 мың доллардан, яғни шамамен 24 млн теңгеден табыс табуы мүмкін. Алайда ол үшін олар 39 күнге созылатын марафонға шыдауы керек, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл ерекше мүмкіндікке Массачусетс штатынан Кевин Акато және Флоридадан Остин Франклин ие болды. Олар FOX One телеарнасы ұйымдастырған байқауда жеңіске жетіп, әлем чемпионатының "бас бақылаушылары" деген ерекше қызметке қабылданды.

Жобаның шарты бойынша, қатысушылар турнирдің әр минутын қалт жібермей көруі және әлеуметтік желілерге тұрақты түрде материал жариялап отыруы тиіс. Егер талаптардың бірі орындалмаса, олар уәде етілген гонорарды ала алмайды.

"Мен осы үшін мейрамханадағы жұмысымнан шығып кеттім. Бірақ бастығым, егер қайтып келгің келсе, есік әрдайым ашық деді", – дейді Акато BILD басылымына.

Ал Остин Франклин алты аптаға сүйіктісінен алыстап, бар уақытын футбол марафонына арнауға мәжбүр болған.

Финалдық матчқа дейін қатысушылар Нью-Йорктегі әйгілі Таймс-сквер алаңында орнатылған 36 шаршы метрлік мөлдір шыны бокста көп уақытын өткізеді. Күн сайын мыңдаған адам олардың ерекше “жұмысын” сырттан бақылап өте алады.

Эксперимент барысында бұрын бір-бірін танымайтын екі адам жақын досқа айналып үлгерген. Тамақты оларға тікелей шыны боксқа жеткізіп береді, ал дәретхана бұрышта орналасқан. Дегенмен олар Таймс-скверде түнеп қалмайды: екеуі де жақын маңдағы қонақүйде тұрады.

Тэгтер:

АҚШ