Венесуэла жағалауында тағы бір жер сілкінісі болды

29 маусым, 2026 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Венесуэла жағалауында тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының мәліметінше, жер асты дүмпуінің магнитудасы 4,6 болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Oxu.Az басылымының жазуынша, зілзала эпицентрі ел астанасы Каракас қаласынан солтүстікке қарай 42 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.

Мамандар цунами қаупі туралы ескерту жарияламады. Әзірге жаңа жер сілкінісінен зардап шеккендер немесе ірі қирау деректері туралы ресми ақпарат түскен жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Венесуэлада 24 маусым күні кешке жойқын жер сілкінісі болған еді. Араға шамамен 40 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер асты дүмпуі тіркелген.

Олардың эпицентрлері Яракуй штатында, бір-бірінен шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізгі зілзаладан кейін ел аумағында 214 қайталама жер сілкінісі тіркелді.

Соңғы ресми мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан 1 430 адам қаза тауып, 3 238 адам жарақат алған. Сонымен қатар 3 142 отбасы баспанасыз қалып, уақытша паналау орындарына орналастырылған.

Қазір зардап шеккен аймақтарда құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар тұрғындарға сақ болуға және ресми ескертулерді назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.

Тэгтер:

Венесуэла