Әйел адам көзінің түсін өзгертемін деп көру қабілетінен айырыла жаздаған

Бүгін, 21:19 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Қазақстандық әйел көзінің түсін өзгерту үшін шетелде операция жасатқаннан кейін ауыр асқынуға тап болды. Операциядан соң оның көру қабілеті күрт нашарлап, бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзі тек жарықты ғана ажырата алған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пациентте глаукома және мөлдір қабықтың бұлдырлануы сияқты күрделі асқынулар пайда болған. Салдарынан оған I топ мүгедектігі белгіленген.

Әйел көмек іздеп Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінген. Алайда мамандардың көбі оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген.

Күрделі операцияны Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері Гүлзат Әбдірайымова жасауға келіскен. Пациент дәрігердің күрделі жағдайларда операция жасайтынын естіп, дәл осы маманға жүгінгенін айтты.

"Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін", – деді пациент.

Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің жағдайын көз ішіндегі қысымның тым жоғары болуы қиындатқан. Операция кезінде көру қабілетін толық жоғалтуға әкелуі мүмкін экспульсивті қан кету қаупі де болған.

Соған қарамастан мамандар жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуға шешім қабылдады. Екі сағатқа жуық созылған күрделі операция барысында көз ішіндегі қысымды төмендетуге бағытталған антиглаукомалық ем жүргізіліп, мөлдір қабық трансплантацияланды.

Министрлік мәліметінше, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында көз ішіндегі қысым төмендетіліп, операцияға дейін тек жарықты ажыратқан көздің көру қызметі қалпына келтірілген. Хирургиялық емнен кейін пациент қайтадан көре бастаған.

Қазір әйел дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Ол оңалту курсынан өтіп жатыр.

Мамандар мөлдір қабықты трансплантациялау офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі екенін айтады. Жыл басынан бері Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері осындай 12 операция жасап, бірнеше пациенттің көру қабілетін сақтап қалуға және қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

Тэгтер:

Алматы дәрігер көз