Қазақстанда ҰБТ тапсыру кезінде ереже бұзған бірнеше талапкердің нәтижесі жойылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі ҰБТ жеті апта ішінде шамамен 340 мың рет тапсырылған. Тестілеуге қатысқандардың 73 пайызы қазақ тілінде, 27 пайызы орыс тілінде, ал 522 талапкер ағылшын тілінде емтихан тапсырған.
Жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 66 балды құрады. Биылғы ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл көрсеткішке Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир қол жеткізді.
Министрлік ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қолайлы жағдай жасалғанын да атап өтті. Биыл ҰБТ-ға осындай санаттағы 765 талапкер қатысқан.
ҰБТ өткізілген жеті апта ішінде жалпы 715 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 422 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген.
Тағы 286 адам емтихан кезінде тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бұдан бөлек, бейнежазбаларды тексеру нәтижесінде ереже бұзған тағы 7 талапкердің ҰБТ нәтижесі жарамсыз деп танылды. Министрлік мәліметінше, өзге адамның орнына кіріп тест тапсыру фактілері тіркелмеген.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін де тексеру жалғасады. Бейнежазбаларға талдау 31 қазанға дейін жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзушылықтар анықталса, талапкерлердің нәтижелері жойылуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл 240 мыңға жуық талапкер ҰБТ-ға қатысу үшін, екі мүмкіндікті есепке алғанда, 446 мыңнан астам өтініш берген.