Францияның Ұлттық кітапханасында Вольфганг Амадей Моцартқа тиесілі болуы мүмкін бұрын белгісіз қолжазба табылып, ондағы музыкалық шығармалар алғаш рет көпшілік алдында орындалды, деп хабарлайды turkystan.kz science.mail.ru-ға сілтеме жасап.
Қолжазбаны кітапхана кураторы Франсуа-Пьер Гой анонимді ноталар жинағын қарап отырып кездейсоқ анықтаған. Оның айтуынша, жазу мәнері өзіне таныс болып көрінген. Жақында ғана Моцарттың түпнұсқа қолжазбаларын зерттеген маман композиторға тән белгілерді – ерекше жақшаларды, дөңгелек пішінді скрипка кілттерін және шығармалардың аяқталу стилін бірден байқаған.
Кейін сарапшылар, соның ішінде Зальцбургтегі Моцарт кітапханасының директоры Армин Бринзинг қолжазбаның шын мәнінде әйгілі композитордың жазуы екенін растады. Оның пікірінше, бұл – соңғы бірнеше онжылдықтағы Моцартқа қатысты ең маңызды жаңалықтардың бірі.
44 беттен тұратын дәптерде флейта мен арфаға арналған жеті шағын шығарма сақталған. Мамандардың болжамынша, бұл жазбалар 1778 жылы композиция сабағы кезінде пайдаланылған. Сол кезде Моцарт жас арфашы Мари-Луиза-Филиппина де Боньер де Гинеске дәріс берген. Қолжазбада шәкірттің жазбалары мен Моцарт енгізген түзетулер қатар кездеседі.
Тарихшылардың мәліметінше, қолжазба Француз революциясы кезінде герцог де Гинестің үйінен тәркіленіп, содан бері екі жарым ғасырға жуық уақыт бойы кітапхана қорында сақталған.
Табылған шығармаларды алғаш рет арфашы Николя Тюлье мен Франция радиосы филармониялық оркестрінің флейташысы Матильда Кальдерини орындады. Концерттің трансляциясы Франция радиосының эфирінен көрсетілді.
Музыкатанушылар бұл жаңалықтың ерекше маңызға ие екенін атап өтеді. Себебі Моцарттың флейта мен арфаға арналған шығармалары өте аз сақталған. Сонымен қатар табылған дәптер композитордың сабақ беру әдісін, шығармашылық жұмыс барысын және шәкірттеріне тапсырмаларды қалай бергенін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.