Google мен Microsoft-та жұмыс істейтін маман кәуапхана ашу үшін қызметінен бас тартқан

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: buisinessinsider.com

Google мен Microsoft-та жұмыс істеген маман табысты мейрамхана ашты, деп хабарлайды turkystan.kz buisinessinsider.com-ға сілтеме жасап.

Бұрын Google, Microsoft, YouTube, Shopify және Cruise компанияларында жұмыс істеген америкалық Салахуддин Абдул-Кафи жоғары жалақылы қызметінен бас тартып, Техаста халал барбекю мейрамханасын ашты. Оның айтуынша, технология саласындағы жұмыс уақыт өте келе адамдарға пайда әкелуден гөрі табыс табуға көбірек бағытталғандай көріне бастаған.

14 жыл IT саласында еңбек еткен кәсіпкер мансабының шарықтау кезеңінде жылына 450 мың доллар табыс тапқан. Алайда 33 жасында ол Сан-Францискодан Техасқа көшіп, діни коммерциялық емес ұйымға жұмысқа орналасқан. Бұл шешімнен кейін оның табысы екі еседен астам қысқарған.

Жаңа қызметімен қатар Абдул-Кафи достарына арнап халал барбекю әзірлеуді жалғастырған. Оның пісірген халал брискетіне сұраныс артып, көптеген адам дәстүрлі барбекю мейрамханаларында шошқа етімен араласу қаупіне байланысты тамақтанбайтынын айтқан. Осыдан кейін кәсіпкер тек халал тағам ұсынатын Kafi BBQ мейрамханасын ашуға бел буады.

Мейрамхана 2024 жылдың желтоқсанында жұмысын бастады. Үш күнге жетеді деп дайындалған өнім алғашқы күні-ақ толық сатылып кеткен. Кейін Kafi BBQ Даллас–Форт-Уэрт өңіріндегі ең үздік 12 барбекю мейрамханасының қатарына енсе, Eater басылымы оны АҚШ-тағы ең үздік жаңа 15 мейрамхананың бірі деп таныды.

Кәсіпкердің айтуынша, өткен жылы мейрамхана шамамен 2,3 миллион доллар табыс тапқан. Биыл бұл көрсеткішті 4 миллион долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Соған қарамастан Абдул-Кафи әлі күнге дейін өзіне жалақы төлемеген. Ол әзірге жинаған қаражатына өмір сүріп келеді. Ай сайын азық-түлікке – шамамен 125 мың доллар, қызметкерлердің еңбекақысына – 50 мың доллар, жалдау ақысына – 15 мың доллар және басқа шығындарға қомақты қаржы жұмсалады. Жалпы ай сайынғы шығын көлемі 215 мың долларды құрайды.

Кәсіпкер мейрамхананы ашуға салынған шамамен 1 миллион доллар инвестиция толық қайтарылмағанын, дегенмен бизнес қазірдің өзінде ай сайын пайда әкеле бастағанын айтады.

Абдул-Кафидің сөзінше, ол қазір аптасына 70–80 сағат жұмыс істейді. Дегенмен жаңа кәсібі бұрынғы IT саласындағы жұмысынан әлдеқайда қанағат сыйлайды. Оның пікірінше, технология мен мейрамхана бизнесінің ұқсастығы көп: екеуінде де өнімді үнемі жетілдіріп, тұтынушылардың пікіріне сүйене отырып жаңа шешімдер әзірлеу маңызды.

Тэгтер:

мейрамхана кәуапхана