Дропперлер бес айда 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған

Бүгін, 14:19 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бас прокуратура дропперлерге қатысты үндеу жасады. Соңғы бес айдың өзінде олардың көмегімен алаяқтар азаматтардан жымқырылған 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілген уақыттан бастап (16.09.2025 ж. бастап) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелді.

Аталған бап бойынша банк шоттарын заңсыз бергені немесе басқа тұлғалардың мүддесі үшін ақша аударымдарын жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Осы уақыт ішінде 216 дроппер жауаптылыққа тартылып, оның 202-сі сот үкімімен сотталды.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында сот 19 жастағы 7 колледж студентін 3 жылға бас бостандығынан шектеді. Олар банк шоттарын ашып, қолжетімділікті алаяқтарға берген.

Осы шоттар арқылы азаматтардан, оның ішінде зейнеткерлерден де жымқырылған 4 миллион теңгеден астам ақша өткен.

Енді олар сот белгілеген шектеулерді сақтауға, мәжбүрлі еңбекке тартылуға және пробация қызметінің есебінде тұруға міндетті.

Егер бұл талаптар орындалмаса, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылып, олар түзеу мекемесіне жіберіледі.

Қылмыстық жауаптылықтан бөлек, дропперлерге банк тарапынан шектеулер қою, шоттарды бұғаттау және өзге де қаржылық ықпалету шаралары қолданылады.

Осындай тәуекелдер «Астана» халықаралық қаржы орталығында лицензиясы жоқ криптобиржаларда цифрлық активтермен сауда жасау кезінде де туындайды.

Негізінде, осындай алаңдар арқылы алаяқтар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырады.

Егер бұрын өз шоттарыңызды үшінші тұлғаларға пайдалануға берген болсаңыз, құқыққа қайшы схемаларға тартылу қаупін болдырмау үшін дереу банк бөлімшесіне жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаңызды өзіңіз бұғаттаңыз.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының ескертпесіне сәйкес, құқыққа қайшы схемаға тартылған, бірақ бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмысты ашуға белсенді түрде көмектескен тұлға қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Алаяқтардың құралына айналмаңыз.

Тэгтер:

Алаяқ дроппер