Ұлы сөздің ұяттығы жоқ...

Бүгін, 12:22 / Дана Ізтілеуова

Өмір жолында бетпе-бет келетін небір жағдайларда ұл-қызымыз өзін қалай ұстауы керектігін айтарда, ұят та болса білуі тиіс шетін жайлардан ақпарат беру үшін ата-бабаларымыз осылай сөз бастаған...

Аналар кеңесінің кезекті форумы да осындай тақырыпқа арналды, баннерлерге бадырайтып жазылған жоқ, мәселе мазмұнда қамтылды: ерте жүктіліктің себептері мен салдарларын ашық талдап, ондай, ұлт үшін ұятты жағдайды болдырмау үшін не істеу керектігін ақылдасуды мақсат етті. Бұл жиынды ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің қоғам дамуына тұсау болып отырған мәселелерге арнап әр өңірде өткізіп жүрген ауқымды іс-шараларының  қорытындылаушы жиыны деуге болады.

Бұдан бұрын есірткіге, ішімдікке, құмар ойындарына тәуелділік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдық мәселелері қаралғанда салалық министрліктердің өкілдері қатысты. Содан кейін мақсатымыз бір болған соң олармен бірлесе іс-қимыл жасайтын болдық. Сөйтіп, билік пен қоғамдық ұйымдар біріккенде жақсы нәтиже шығатынын өмір көрсетті. Бұл жолы ерте жүктілік оқушылар арасындағы мәселе болған соң Оқу-ағарту министрлігіне шақырту жіберілген еді, бірақ ешкім келмеді. Бұл ненің белгісі? Бүкіл елді шулатқан жайлардан ондағылар хабарсыз ба, әлде айтар ештеңелері жоқ па?

Статистикалық мәліметтер жасөспірімдер жүктілігі географиялық тұрғыдан әркелкі екенін көрсетеді. Ауылдық жерлерде ерте жүктілік пен туу көрсеткіші қалаға қарағанда едәуір жоғары: мың қызға шаққанда туу коэффициенті қалалық жерде орташа есеппен 15,3 болса, ауылда бұл көрсеткіш 25,9-ға жетеді. 

Бұл – жыл  сайын кәмелетке толмаған мыңдаған қыздың тағдыры күрт өзгереді деген сөз.  

Қазақстандық статистика 15-17 жастағы бойжеткендер және 14 жасқа дейінгі балалар бойынша бөлек жүргізіледі. Өйткені, елімізде, өкінішке қарай, жыл сайын 14 жасқа толмаған қыз баланың жүкті болуы немесе босануы сияқты шетін жағдайлар болып жатқаны рас. Бұл ел ішінде де, халықаралық ұйымдардың зерттеулерінде де көрініс тапқан.  ЮНИСЕФ пен осы мәселені зерттейтін өз мамандарымыз бұл үрдістің артында үлкен әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен репродуктивті сауатсыздық тұрғанын айтады.

 Біздіңше басқа да қосымша себептер бар. Ашық дереккөздердегі мына бір көрсеткіштерге үңіліп көрейікші. 1. Жыл сайын орта есеппен кәмелет жасына  толмаған 600-ден астам қыз заңды некеге тұрады. Ал 18 жасқа толмаған ер балалар арасында некеге тұру көрсеткіші одан 10 есе төмен. Сонда бес жүзден астам қыздың өзінен үлкен адаммен некелесуіне не себеп? а) Алып қашу құрбаны болуы; ә) жүкті болып қалуы; б) теріс ағымдағы әке-шешенің қызы 13-тен аса салысымен біреуге беріп жіберуі, т.б. қоса беруге болады.

2. Жабық сауалнама нәтижесінде елде жасөспірім қыздардың шамамен 25%-ы жыныстық зорлық-зомбылық көрген деген қорытынды жасалған. Қоғам белсендісі Баян Жолдасова Шымкент пен Түркістан облыстарында ерте жүктілік жағдайларының басым бөлігі туыстар арасындағы зорлық-зомбылықтан туындайтынын айтады. Көп жағдайда мұндай істер жабылып, жазасыз қалады. Бұл да шындықтан алыс емес.

3. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай некелерді  бала өлімінің негізгі себептерінің бірі ретінде атап көрсетеді. Өйткені, жасы кәмелетке жетпей жүкті болған жасөспірімдердің 70%-ы жасанды түсік жасап, 15%-ы уақытына жетпей босанады. Бұдан олардың өміріне төнетін қауіп зор. Өмірлерінің тас-талқаны шығып, қоғамнан алшақтайды, білім алу мүмкіндігін жоғалтады, денсаулықтарынан айырылады. Бірақ бұл жайлар ерте жүктіліктің себепкерлерін еш  ойлантпайтын сияқты.  

Форумда осы мәселелер түрлі призмадан талқыланды.

Бір нәрсеге қарсы күресу үшін әуелі оның себебін білу керек. Осы мәселе бойынша елге танымал маман О.В.Рыль («Право» ҚҚ  директоры) ұзақ жылдар бойғы тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстандағы кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыстар, жоспардан тыс жүктілік туралы мәселенің себептерін жайып салғанда, қазақша айтқанда «жағасын ұстағандар» көп болды. 

Өйтіп «таңғалып» отыра беру қоғам қасіретін шешпейтіні анық. Не істеу керек? Әрине, «болары болып, бояуы сіңген» соң  байбалам салу мәселені жоймайды, әрекет ету керек.  Қалай? Қайтіп? 

Әдетте, осындай жағдайлар орын алып, өздері ауызға алуды «ұят» сөзімен бүркемелейтін кезде халықаралық ұйымдар көмектеседі. Қазақстанда да ұлттық бағдарлама жасалған. Онда зерттеулер жүргізіліп қана қоймай, нақты іс-шаралар көзделген. Жасөспірімдер үшін семинарлар, ата-аналарға арналған кеңестер берілетінін көпшілік білмейді-ау. ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілдігіндегі   жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі ұлттық бағдарлама талдаушысы С.Т.Тәңірбергеновтің қазақ ата-аналары ұялып, бара бермейтін  «Жыныстық тәрбие: ата-аналар жасөспірімдермен не туралы сөйлесулері керек?» деген тақырыпты талқылау жанды жерді басқандай...    

 Білім беру мен тәрбиеде ата-ана мен білім беру ұйымдары иықтаса іс атқару керек. Ерте жүктілік мәселесінде де солай. Бұл ЮНФПА сарапшысы, «Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы» ҚБ  вице-президенті М.М.Сауранбаеваның  «Өмірлік дағдыларға негізделген жан-жақты білім беру» атты баяндамасында қамтылды.  

Осы бір шетін мәселеде медицина саласының көтерер жүгі, ұрпақ сапасы үшін әркім әр жаққа тартпай, бірлесе іс-әрекет жасаудың маңыздылығын «Репродуктивті денсаулықты қорғау: күш біріктіре отырып - болашақ ұрпаққа қамқорлық жасау» атты баяндамасында Ұлттық комиссияның мүшесі, акушер-гинеколог Г.А.Гребенникова өте орынды көтерді.

Қатысушылардың мәселені талқылап қана қоймай, оны шешу жолдарын ұсынуы – жақсы белгі. Олар ерте жүктіліктің алдын алу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды ұсынады. Мысалы, Ч.Мамбеталиева отбасы мен бала проблемаларының белгілерін ерте анықтау үшін өзі жақсы білетін «Ана үйі» қоры және көп пәтерлі үйлерді басқару тәжірибесін ортаға салды.

Аналар кеңесінің жақсы дәстүрі – осындай форумдарға көпке ой салатын, мәселенің түп-төркінін танып, одан арылу жолдарын айтатын мамандарды апару. Бұл жолғы қонақ көпшілікке жақсы   таныс Серікгүл Сали – «Жібек жолы» телеарнасы «Сенім студиясы» бағдарламасының жүргізушісі, сарапшы психологы. Ол тренингіне  түрлі тәуелділікке тап болған жандарға көмектесетін Астанадағы «Көмек» оңалту орталығындағы тәжірибесіне сүйеніп, ерте жүктіліктің алдын алудағы жыныстық сауаттылық тақырыбын арқау етті. Шыны керек, кейбір тұжырымдар қатысушылардың ойына да келмеген мәселелер екенін байқау қиын емес еді.

Аналар кеңесі мүшелерінің бір ерекшелігі – біздің мәселеге өңір, ру, этнос... призмасымен емес, АНА призмасы арқылы қарайтынымыз. Елдегі әр ұл-қыз – өз баламыз. Жетістіктеріне қуанып, кемшіліктерін түзетуге тырысамыз. Қорлық, зорлық көрсе жабыла көмектесеміз. Ал ондай фактілер баршылық. Әсіресе, біз әдетте тіл мен ділдің, ұлттық құндылықтардың сақталуы туралы сөз болғанда мақтана айтатын оңтүстік пен батыс өңірлерде көп. ЮНИСЕФ-тің зерттеуі бойынша елімізде жасөспірім қыздардың жүктілігі Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында өте жиі кездеседі екен.  

Жағдайды білетін болғандықтан, кейде ол өңірлердегі төрайымдарды «мыңмен жалғыз алысқандар» қатарындағылардай көремін. Ол жақтарда неге мұндай ахуал жиілеп кетті? Сарапшылар бірнеше себебін атап көрсетеді.

 Біріншіден, бұл өңірлерде дәстүрлі құндылықтарды өз ыңғайына қарай бұруды әдетке айналдырған патриархалдық орта қалыптасқан. Яғни, мұнда  жыныстық сауаттылық мәселесін айту – ұят саналатын тақырып.

Екіншіден, жалған діни ағымдарға ергендер арасында қазаққа жат ұстанымдарды қолдану кең жайылған. Аяқ аттап бассаң, тоқал мәселесі де, талақ мәселесі де алдыңнан шығады. «Қазақ байыса қатын алады» дегеннің мысалын қиналмай табасың.

Психологиялық тұрғыдан әлі жетілмеген, сәнді зат, әдемі киімге  қызығушылығы басым жасөспірімдерді алдап, қармағына түсіру, қызығы басылған соң «талақ» етудің сол ағымда жүріп жатқаны жасырын емес. Баланы кімнен туғанын білмей, мәңгіріп жүрген жас әйелдер де – солардың құрбаны.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 15 пен 19 жас аралығындағы қыздардың өліміне әкелетін негізгі себептердің бірі ерте жүктілік пен босану кезіндегі күтпеген жайлар екенін атап көрсетеді.  

Міне, осы ретте форумның екінші күнінде Шымкент қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева мен Түркістан облысы  Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ақбаян Жақыпованың баяндамаларын асыға күттік. Себебі негативті статистикалық мәліметтердің алдыңғы жолында тұратын өңірде бұл бағытта жұмыс жүргізу оңай емес екенін түсінетінбіз. Сондықтан,  екеуінің ерте жүктіліктің алдын алудың ұрпаққа қамқорлық, жарқын болашаққа жауапты қадам екендігі туралы сөздерін – ұран емес, мәселенің ортасында жүрген адамның жан айқайы деп қабылдадық. Еткен еңбектеріне, құрған жоспарларына, ерте жүктілік нәубетінен арылу бойынша идеяларына сүйсіне құлақ түріп отырғанымда бұл жұмыста оларға қоғамның саналылығы ғана көмектесе алады-ау деген ой келді.

Ал саналылық отбасынан, мектептен бастау алмай ма? Қаншама ғалым, сарапшы келіп, оқушы қыздарға тікелей қатысты мәселе талқыланып жатқанда ұлытаулық ұстаздардың төбе көрсетпеуі ой салды. Бұл не? Мұғалімдер өз мектептерінде ұл мен қыздың тәрбиесі мәселесін айналып өтіп жүр ме? Әлде  ұрпақ тәрбиесіне, қыздардың тағдырына немқұрайлылық па?  Түсінбедік.

Форумды ақпараттық қолдау жоғары деңгейде болды дей алмаймын. Бәлкім, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары бұл тақырыпта хабар таратуды ұят санаған шығар. Алдымды орағытқан бір қыз жастарға тән терминдермен сұрақ қойды. Сірә, «ерте жүктілік» деуге ұялып тұрған болар, «Ондай болмаудың қандай рецептін айтар едіңіз?» деді.

Қазір ерте жүктілік себептері басым көбіне құрбанның өз танысы, көршісі, әке-шешесінің достары, тіпті етжақын туыстарының кінәсінен болатыны екені жасырын жай емес. Бұған ата-бабамыздан қалған нақыл бар, «рецепт» деп соны айттым:  «Ұлыңды басқа үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма!».

Аналар кеңесі туралы дұрыс ақпараты жоқ адамдарда олардың мүшелері күреп ақша табады деген түсінік бар. Мүлде олай емес. Біз –  қабілет-қарымы өз ұл-қызын елге қызмет ететін азамат етіп өсірген, сол ізбен немерелеріне жақсы тәрбие беріп жүргенде «осы тәжірибемізді ел балаларына берейік» деген ниетпен бас қосқан аналармыз. Ақысыз-пұлсыз қызмет етеміз, халықаралық тілде ондай адамды «волонтер» деп атайды. Сол волонтердің бірі Ұлытау облыстық аналар кеңесінің төрайымы Гүлбану Сейітжанова. «Шетін» тақырып талқыланатын жиынды өткізуге шешім қабылдауының өзі оның азаматтық ұстанымын танытады. Ал форум оның іскерлігін, мемлекеттік органдармен жұмыс істей алатынын, еліндегі абырой-беделін көрсетті. 

Аналар кеңесі – бір-біріне қызғанышсыз қарайтын, жақсылығын көре алатын жандардың ортасы. Мұнда осы жылдар ішінде көптеген көшбасшы әйелдер тәрбиеленіп шықты. Өңірінде болып жатқан оң өзгерісті осындай жиында ортаға салып, елге тарататын да сол көшбасшыларымыз. Ұрпаққа  тәрбие беру ісінде облыс басшыларының сенімді көмекшісіне айналып, жыл өткен сайын кемелденіп келе жатқан олардың мектебі – Аналар кеңесі.  

Бұл ортада өнеге алар, үлгі тұтар жандар баршылық. жиындардың тізгінін ұстап, сөйленетін сөзді келесі баяндамамен ұштастырып, оған терең түсініктеме беретін төрайымымыз Нәзипа Шанаиға ұқсап баққысы келетіндер көп. Жиын сайын бір көшбасшы анаға батасын беріп, ақ орамал жауып жүретін Ел анасы Бақытжамал Максилова апай, әр форумның ұйымдастырылу мәселелерін мойнына алған Баян Ахатай, республикалық форумда көтерілген мәселе бойынша өз өңірлерінде жұмыс істеп жүрген төрайымдар... тізе берсек, кеңестің әр мүшесінің өнегесі  мол. Сол қуантады.

Ал Аналар кеңесінің іс-шараларын өткізуге осы ұстанымымызды түсінетін, биік лауазымын жақсы ісімен есте қалуға бағыттағысы келетін өрелі өңір басшылары қолдау көрсетеді. Бұл жолы да солай болды. Форумның ұйымдастырылуы мен өткізілу барысынан Ұлытау облысы басшылығының қамқорлығын сезіндік. «Жас келсе – іске» деген, маған таяуда ғана облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған жас басшы Б.Ө.Жайлаубаевтың сөйлеушілердің  сөздерін түртіп алып қана қоймай, мәселенің қоғамда жайылып кетпеуіне мүдделілік танытып,  өз пікірін қосып отырғаны ұнады.

Осы форум кезінде өткен кездесулерде де, өлкедегі тарихи жерлерге барғанда да, жиын барысында да «Ұлытау – ұлттың ұясы» деген сөз көп айтылды. Біз қасиетті топырақты басып тұрып, осынау ұлан-байтақ қазақ жерінің болашақ иелері ұрпақты аздырар әрекеттерден аулақ болса екен деп тіледік. Астанаға ата-бабаның  асыл қасиеттерін бойларына сіңірген арда азаматтар қарындастары мен қыздарының арын сақтайтын қамалға айналған күні бұл мәселе де қоғам жадынан жоғалар деген үмітпен оралдық.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы,

Халықаралық «АЛАШ» әдеби сыйлығының лауреаты