ЖИ алмастыра алмады: Ford бұрынғы инженерлерін қайта жұмысқа алды

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ford компаниясы автокөлік жобалау және өндіріс үдерістерінде тәжірибелі инженерлердің орнын толықтай жасанды интеллектпен алмастыру мүмкін болмағанын мойындап, 350-ден астам бұрынғы маманды қайта жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz theverge.com-ға сілтеме жасап.

Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа технологиялар енгізілген кезде жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелер көлік сапасын өздігінен жақсарта алады деген болжам жасалған. Алайда тәжірибе бұл тәсілдің жеткіліксіз екенін көрсетті.

Ford-тың көлік құралдарының аппараттық инженерия жөніндегі вице-президенті Чарльз Пунның сөзінше, компания тәжірибелі инженерлердің көпжылдық білімін автоматтандырылған жүйелерге толық енгізіп үлгермеген. Соның салдарынан көлік сапасына қатысты мәселелер туындаған.

Осыған байланысты Ford бұрынғы қызметкерлердің бір бөлігін қайта шақырып, оларды жас инженерлерге тәлімгерлік етуге және жасанды интеллект жүйелерін сапалы деректермен қайта оқытуға тартқан. Жалпы компания 350-ден астам тәжірибелі инженерді жұмысқа алған, қызметін жоғарылатқан немесе қайта шақырған.

Сонымен қатар Ford бағдарламалық қамтамасыз ету сапасын бақылауға жауапты 40 адамнан тұратын жеке бөлім құрды. Компания қазір ақауларды кейін түзету тәсілінен бас тартып, оларды алдын ала анықтап, болдырмауға бағытталған жүйеге көшіп жатқанын мәлімдеді.

Дегенмен Ford жасанды интеллекттен бас тартпайтынын атап өтті. Компания бағдарламалық қамтамасыз етуді тексеруге арналған 100 мыңнан астам жаңа AI-тест енгізіп, автоматтандырылған жүйелерді әрі қарай жетілдіруді жалғастырып жатыр. Компанияның пікірінше, жасанды интеллект тиімді құрал болып қала береді, бірақ оның нәтижесі оқытылатын деректердің сапасы мен тәжірибелі мамандардың біліміне тікелей байланысты.

Тэгтер:

ЖИ Ford