Алматы облысында екі автокөлікке ағаш құлады

Бүгін, 11:14 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жүріп келе жатқан екі жеңіл көліктің үстіне ағаш құлап түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қолайсыз ауа-райының, нақтырақ айтқанда қатты желдің салдарынан үлкен ағаш жолдың дәл ортасына құлап, екі жеңіл автокөлікті басып қалған. Әлеуметтік желілерде оқиға салдарынан төрт адамның зардап шеккені айтылуда. Жәбірленушілерге жедел жәрдем келгенге дейін бей-жай қарамаған азаматтар алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ағаш Еңбек және Қырбалтабай ауылдарының арасындағы автожол учаскесінде екі жеңіл көліктің үстіне құлаған. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары дереу жіберілді.

«Оқиға орнына жеткен құтқарушылар ағаштың құлауы салдарынан екі жеңіл автокөліктің зақымданғанын анықтады. Зардап шеккендер жедел медициналық жәрдем бригадасымен медициналық мекемеге жеткізілді», – деп хабарлады ведомство.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға төтенше жағдайлар туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажеттігін еске салды.

Тэгтер:

Алматы облысы Автокөлік ағаш