Алматы облысында автоматтандырылған жасырын есірткі зертханасы жойылды. Арнайы операция барысында ондаған келі дайын өнім, қару мен ірі көлемдегі ақша тәркіленіп, екі күдікті ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің мәліметінше, операция «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген.
Ведомство дерегінше, күдіктілер құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіруден бастап, дайын өнімді сатуға дейінгі толық циклді ұйымдастырған. Тергеу мәліметіне сәйкес, өнім VIP-санаттағы клиенттерге өткізілген.
Полиция жойған фитозертхана автоматтандырылған желдету жүйесімен жабдықталып, температура, жарық пен суару арнайы датчиктер арқылы басқарылған.
Тінту кезінде 29 түп қарасора, 27 келі дайын есірткі, өсіруге арналған құрылғылар, байланыс құралдары, электрондық тасымалдағыштар, 3 миллион теңге және оқ-дәрісі бар тіркелмеген қару тәркіленді.
Тергеу барысында зертхананы ұйымдастырды деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталған. Сондай-ақ оның бұрын бірнеше рет сотталған серіктесі анықталған. Оның гаражынан қосымша 4 келі гашиш пен есірткіні буып-түюге арналған заттар табылған.
Қазіргі уақытта қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды, сондай-ақ жабдықтар мен тұқым жеткізу арналары анықталып жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.