Алматы тауларында жоғалған екі жас жігіт аман-есен табылды

28 маусым, 2026 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматы қаласының құтқарушылары Үлкен Алматы шыңына көтеріліп, уақытында оралмаған екі жас туристі тауып, қауіпсіз жерге түсірді.

ТЖМ мәліметінше, 2003 және 2004 жылы туған екі жас жігіт 27 маусым күні таңертең Үлкен Алматы шыңына көтерілген. Олар сол күні кешке қайтуы тиіс болғанымен, белгіленген уақытта байланысқа шықпаған. Ұялы телефондары желі аймағынан тыс болған. Соңғы геолокация шамамен сағат 17:00-де шыңның солтүстік бөлігінде тіркелген.

Хабарлама түскеннен кейін ТЖМ құтқарушылары жедел түрде іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде туристер табылып, таудан төмен түсірілді. Құтқарушылар оларды экопостқа дейін шығарып салған.

Жас жігіттерге медициналық көмек қажет болмады.