Қызыл шараптың денсаулыққа пайдасы бар деген кең таралған пікір шындыққа жанаспайды. Мұндай мәлімдемені ресейлік дәрігер, академик Лео Бокерия айтты, деп хабарлайды turkystan.kz ria.ru-ға сілтеме жасап.
Маманнан «күніне бір стақан қызыл шарап қан тамырларына пайдалы ма?» деген сұраққа қатысты пікір сұралған. Оның сөзінше, бұл түсінік – ғылыми негізі дәлелденбеген кең тараған аңыз.
«Бұл – аңыз. Оның үстіне, зиянды аңыз. Себебі көп адам оған сенеді және бір-біріне таратады. Мұны кім ойлап тапқанын білмеймін – ішімдік тұтынушылар ма, әлде шарап өндірушілер ме», – деді дәрігер.
Сондай-ақ ол таңдау жасау қажет болған жағдайда қызыл шараптың орнына ақ шарапты таңдауға болатынын айтты.
Бұдан бөлек, Бокерия үй жағдайында дайындалған шарапқа қарағанда өндірістік жолмен шығарылған өнім қауіпсіздеу болуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, үйде шарап жасағанда санитарлық талаптар мен температуралық режимді толық сақтау әрдайым мүмкін бола бермейді.