Алматыда толғағы қысқан әйел тұрғын үй кешенінің ауласында босанып қалды

Бүгін, 12:12 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Алматыда фельдшерлер тұрғын үй кешенінің ауласында толғағы қысқан әйелді босандырып алды. Анасы мен бала қазір медициналық бақылауда, деп хабарлайды turkystan.kz KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Telegram-дағы kris_p_almata арнасында Наурызбай ауданының Шұғыла шағын ауданында толғағы қысқан келіншек тұрғын үй кешенінің ауласында босануға мәжбүр болғаны туралы ақпарат жарияланды. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем көлігі ауладағы көліктер жолды жауып тастағандықтан шақырған үйге уақытылы жете алмаған.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы NUR.KZ тілшісіне жедел жәрдем қызметіне қоңырау таңғы 6:21-де түскенін, ал жедел жәрдем бригадасы шақырған жерге таңғы сағат 6:31-де жеткенін айтты.

"Жедел жәрдем қызметкерлері келген кезде әйел толғатып жатқан. Жедел жәрдем көлігінде салмағы 3370 грамм қыз бала дүниеге келді. Нәресте бірден жылады. Жағдайға қарамастан, жедел жәрдем қызметкерлері баланы тез босандырып алды. Ана мен нәрестеге қажетті көмек көрсетіп, содан кейін оларды қалалық перинаталдық орталыққа жеткізді, онда күтім жасалып жатыр", - деп хабарлады ведомстводағылар.

Қазіргі уақытта ана мен баланың жағдайы тұрақты. Олар өздерін қалыпты сезінеді және мамандардың бақылауында.