Атырауда әскери ұшақ ұшып өтті: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Бүгін, 16:19 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Атыраулықтар қала үстінен ұшып өткен әскери жойғышқа ұқсас ұшақты байқап, оны видеоға түсіріп алған. Бұған қатысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 24 маусымда Атырау қаласының аспанында ҚР Әскери-әуе күштерінің Су-30СМ ұшағы жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын өткізген.

"Мұндай ұшулар ұшқыштар құрамын даярлау аясында тұрақты түрде өткізіліп тұрады және ұшқыштардың кәсіби дағдыларын шыңдауға, сондай-ақ авиациялық техниканы қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық іс-шара бекітілген жоспарлар мен қауіпсіздік талаптарына сай орындалады. Ұшу штаттық режимде өтті және қала тұрғындарына ешқандай қауіп төндірмеді. Алаңдауға негіз жоқ", - деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.

Сондай-ақ ведомство әлеуметтік желілерде әртүрлі жарияланымдардың таралуына байланысты азаматтарды мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге және тексерілмеген хабарламаларға сын көзбен қарауға шақырды.