Жетісу облысында Алматы-Өскемен тасжолында болған жол-көлік оқиғасынан бес адам қаза тапты. Зардап шеккен тағы екі адам ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды turkystan.kz өңірлік ПД-ға сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 маусымда кешке Алматы-Өскемен тасжолының 432-шақырымында екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушілері және үш жолаушы оқиға орнында қаза тапқан.
"Тағы екі жолаушы түрлі дене жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді", - делінген Жетісу облыстық ПД ұсынған ақпаратта.
Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы мен себебін жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, жылдамдық режимін дұрыс таңдауға, арақашықтықты сақтауға және рульде барынша мұқият болуға шақырады.